1. Бұл хадис әртүрлі жолмен, түрлі қосымшалармен жеткен. Кейбір нұсқада Бәширдің (р.а.) ұлы Нұғманға берген сыйына куә болуын өтініп, Алла елшісіне (с.а.с.) келгені айтылады. Алла елшісі оның сөзін тыңдап, өзге балаларына сондай сый бермегенін білген соң: «Жоқ, мен куә болмаймын. Балаларыңның өзіңе бірдей құрмет көрсеткенін қаламайсың ба?» – деп сұраған. Бәшир: «Әрине, қалаймын!» – дегенде, ол: «Олай болса, мұндай сый жарамайды», – деген.
Тағы бір риуаят бойынша, Бәширді Алла елшісіне (с.а.с.) осы сыйға куә ету үшін әйелі жіберген. Сол риуаятта Алла елшісінің Бәширге: «Өзге балаларыңа да осылай сый бермеген болсаң, мені куә етпе. Мен әділетсіздікке куә болмаймын», – дегені айтылады.
2. Әке өзге балаларына бермеген сыйды бір баласына бере ала ма деген мәселе ғалымдар арасында талас тудырған. Хадистің сыртқы мағынасы мұндай сыйдың харам екенін білдіреді. Тауыс, Ата, Мүжәһид, Ұруа, Ибн Журайж, Ибраһим Нахағи, Ахмад, Исхақ және заһири ғалымдары мұндай сыйды жарамсыз санап, берілген сыйды қайтарып алу қажет деген.
Әбу Ханифа мен Шафиғи, сондай-ақ бір риуаят бойынша Ахмад, Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед мұндай сыйға рұқсат берген. Олардың пікірінше, хадистегі «қайтарып ал» деген бұйрық міндетті үкім емес, ізгілік пен әділдікке шақыру. Олар көзқарасын Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен басқа риуаяттарға сүйеніп негіздеген.