Хадис

СЫЙЛЫҚ БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 12-том, 931-тарау · 8 хадис · № 5780–5787

СЫЙЛЫҚ БӨЛІМІ

Хадистер

Сыйлық – ақы дәметпей, жақсы ниетпен, ілтипат пен сүйіспеншіліктің белгісі ретінде берілген зат. Сыйлық алған кісі де шамасына қарай қарымта сый жасайды немесе алғысын айтады. Сыйлық алмасқан жұрт араласып, бір-біріне жақындай түседі. Адамдар арасында сыйластық орнатуды көздеген ислам сыйлықтың осы мәніне айрықша көңіл бөлген.

5780
Кутуб ситтә, № 5780 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَهَادُوا فَإِنَّ الْهَدِيَّةَ تُذْهِبُ وَحَرَ الصَّدْرِ، وَلَا تَحْقِرَنَّ جَارَةٌ لِجَارَتِهَا وَلَوْ شِقَّ فِرْسَنِ شَاةٍ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Бір-біріңе сыйлық беріңдер. Сыйлық көңілдегі кірбіңді кетіреді. Көрші әйел көршісінің сыйлығын, қой сирағының бір бөлігі болса да, қорашсынбасын».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) сыйлық берісуге үндеп, оның жүректегі жағымсыз сезімдерді сейілтетінін айтады. Хадистегі وَحَرَ الصَّدْرِ тіркесі «көңілдегі кірбің» деп аударылды. Ғалымдар оны күдік, кек, ыза, дұшпандық, өшпенділік деп те түсіндірген. Кісі көңіліне түйген кірбің сыйлық арқылы тарқайды. Хадисте көршінің арнайы аталуы сыйлық берісуді әуелі көршіден бастауға шақырады. Сыйлықтың құны елеусіз болса да, берісіп тұрған жөн. Көпқабатты үйде шу, иіс, тазалық секілді мәселелерден көршілердің арасына сызат түсіп жатады. Сыйлық осындай реніштің ұлғайып кетпеуіне сеп болуы мүмкін.

Алла елшісі (с.а.с.) сыйлық қой сирағының бір бөлігі болса да, оны қорашсынбауды өсиет еткен. Кейбір түсіндірушілер қой сирағын сыйлау әдет болмағанын, оның мейлінше шағын сыйлықты білдіру үшін айтылғанын атап өткен. Қарапайым сыйдың өзі сүйіспеншілікті арттырып, кірбіңді кетіреді, адамдарды бір-біріне жәрдемдесуге жетелейді. Мұндай сый берген адамға да жеңіл тиеді. Әрдайым қымбат сый тартуға шама келе бермейді. Аз болса да үзбей істелген іс көптің орнын толтырады.

  1. 1Тирмизи, Уәла уәл-Хиба, 6 (2131).
5781
Кутуб ситтә, № 5781 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْبَلُ الْهَدِيَّةَ وَيُثِيبُ عَلَيْهَا. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) сыйлықты қабылдап, оған қарымта сый жасайтын».1

Түсіндірме

Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) сыйлық алмасуды өзі де ұстанғаны көрінеді. Оған берілген сыйлықты қабылдап, қарымта қайтаратын. Мәлики ғалымдарының бір бөлігі осы хадиске сүйеніп, әдетте қарымта күтетін кісі еш шарт қоймай сыйлық берсе, оған қарымта жасау уәжіп деген. Мысалы, тұрмысы төмен кісінің ауқатты адамға берген сыйы. Ауқатты адам тұрмысы төмен кісіге сый берсе, одан қарымта күтпейді, сондықтан алған кісіге сый қайтару міндетті емес. Ғалымдар уәжіп деген үкімді Алла елшісінің (с.а.с.) сыйлыққа ұдайы қарымта жасағанына сүйеніп шығарған. Имам Шафиғи кейінгі көзқарасында ханафилер сияқты қарымта алу мақсатымен берілген сый жарамсыз деген. Өйткені ол бағасы белгісіз саудаға ұқсайды, ал сыйға тартудың негізі – затты ақысыз беру.

Имам Шафиғи кейінгі көзқарасында ханафилер сияқты үкім берген: «Қарымта алу үшін берілген сый жарамсыз. Мұндай сыймен келісім жасалмайды, өйткені ол бағасы белгісіз сату келісіміне айналады. Һибаның мәні – қайтарымсыз беруде. Осы мәні жойылса, һиба екі жақтың бір-біріне өтем беруіне айналады. Шариғат пен ғұрып сауда мен һибаның аражігін ажыратқан. Өтемді талап ететін келісім сауда деп аталады». Кейбір мәликилер бұған былай жауап берген: «Егер һиба табиғатынан қарымтаны талап етпесе, садақаға айналар еді. Сый беретіндердің көбі, әсіресе кедей кісілер, қарымта күтеді».

  1. 1Бұхари, Һиба 11; Әбу Дәуіт, Буруғ 87 (3536); Тирмизи, Бирр 34 (1954).
5782
Кутуб ситтә, № 5782 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَوْ أُهْدِيَ إِلَيَّ كُرَاعٌ لَقَبِلْتُ، وَلَوْ دُعِيتُ إِلَيْهِ لَأَجَبْتُ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Маған қойдың бір сирағын сыйласа да, қабыл алар едім. Сондай асқа шақырса да, барар едім”, – деді».1

Түсіндірме

«Курағ» сөзі бірнеше мағынада қолданылады. Түсіндірушілердің айтуынша, бұл жерде қойдың сирағы меңзелген. Демек, Алла елшісі (с.а.с.) сыйлықтың құнына қарамай, оны қабыл алған. Бұхаридің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген нұсқасында сәл өзгеше айтылады: «Егер мені қойдың қол етіне немесе сирағына шақырса, барар едім. Қолын немесе сирағын сыйласа, қабыл алар едім».

  1. 1Тирмизи, Ахкам 10 (1338).
5783
Кутуб ситтә, № 5783 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَهْدَى كِسْرَى إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ هَدِيَّةً فَقَبِلَ مِنْهُ، وَإِنَّ الْمُلُوكَ أَهْدَوْا إِلَيْهِ فَقَبِلَ مِنْهُمْ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) айтады: «Кисра Алла елшісіне (с.а.с.) сыйлық жіберді. Ол сыйлықты қабыл алды. Өзге патшалар да оған сыйлық жіберді. Ол олардың да сыйлығын қабыл алды».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта төңіректегі билеушілердің Алла елшісіне (с.а.с.) сый жібергені және оның сол сыйларды қабыл алғаны айтылады. Түсіндірмеші Айни осы тақырыптағы риуаяттарды зерделеп, Пайғамбарымызға келген сыйлықтардың бірқатарын атайды:

• Нәжаши шыны тостаған сыйлады.

• Әйла патшасы ақ қашыр сыйлады. Алла елшісі (с.а.с.) оған шапан сыйлады.

• Даумат әл-Жандалдың билеушісі Ұқайдыр жұқа жібектен тігілген шапан сыйлады.

• Рум патшасы Ираклий қызыл түске боялған жұқа жібек киім сыйлады.

• Патша Зу Язан отыз үш түйеге сатып алған бір жұп киімін сыйлады.

• Фадак билеушісі азық-түлік пен киім-кешек сыйлады.

  1. 1Тирмизи, Сияр 23. (1576).
5784
Кутуб ситтә, № 5784 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ияд ибн Химар (р.а.)

وَعَنْ عِيَاضِ بْنِ حِمَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَهْدَيْتُ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ هَدِيَّةً، فَقَالَ: أَسْلَمْتَ؟ فَقُلْتُ: لَا. قَالَ: فَإِنِّي نُهِيتُ عَنْ زَبْدِ الْمُشْرِكِينَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ияд ибн Химар (р.а.) айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір сыйлық ұсындым. Ол менен: “Мұсылман болдың ба?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. Сонда ол: “Маған мүшріктердің сыйлығын қабыл алуға тыйым салынған”, – деп, сыйлығымды алмады».1

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) кейбір мүшріктердің сыйлығын қабыл алғанын жеткізетін риуаяттар да, мүшріктердің сыйлығын алуға тыйым салынғанын айтып, бас тартқанын жеткізетін риуаяттар да бар. Осы хадис – соның бірі. Тирмизи: «Бұл бас тарту бұрын рұқсат етілген істің кейін тыйылуынан болуы мүмкін», – деп жорамалдаған. Ғалымдар риуаяттардың арасын түрліше үйлестірген:

• Сыйлық арқылы сүйіспеншілік пен достық орнатқысы келгендердің сыйын қабыл алмаған. Ал сыйын қабылдаса, көңілі жібіп, исламға бет бұрады деп үміт еткен кісілердің сыйын алған.

• Кітап иелерінің сыйлығын қабыл алған, пұтқа табынушылардың сыйлығын алмаған.

• Билеушілерден өзге кісілердің сыйлығын алмаған. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне ғана тән ерекшелік еді.

• Сыйлықты қабыл алу туралы хадистер бас тарту туралы хадистердің үкімін жойған дегендер де, бас тарту туралы хадистер қабыл алу үкімін жойған дегендер де бар. Алайда жорамал мен болжам үкімнің жойылғанын дәлелдей алмайды. Ибн Хажар бұл түсіндірмелерді әлсіз деп тапқан. Мүшріктің сыйлығын алмау негіз саналғанымен, жеке не жалпы игілік үшін оны қабылдауға болады деген түсіндіру де ықтимал.

  1. 1Әбу Дәуіт, Хараж 35 (3057); Тирмизи, Сияр 24 (1577).
5785
Кутуб ситтә, № 5785 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَنَّ أَعْرَابِيًّا أَهْدَى لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ بَكْرَةً، فَعَوَّضَهُ مِنْهَا سِتَّ بَكَرَاتٍ، فَتَسَخَّطَ، فَبَلَغَ ذَلِكَ النَّبِيَّ ﷺ، فَحَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ، ثُمَّ قَالَ: إِنَّ فُلَانًا أَهْدَى لِي بَكْرَةً، فَعَوَّضْتُهُ مِنْهَا سِتَّ بَكَرَاتٍ، فَظَلَّ سَاخِطًا لَهَا، لَقَدْ هَمَمْتُ أَنْ لَا أَقْبَلَ هَدِيَّةً إِلَّا مِنْ قُرَشِيٍّ أَوْ أَنْصَارِيٍّ أَوْ ثَقَفِيٍّ أَوْ دَوْسِيٍّ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) жас түйе сыйлады. Алла елшісі сыйының қарымтасына алты жас түйе берді. Бәдәуи соған да разы болмады. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.) Аллаға мақтау айтып, былай деді: “Пәленше маған жас түйе сыйлады. Мен қарымтасына алты жас түйе бердім. Сонда да көңілі толмапты. Құрайыштардан, ансарлардан, Сақиф пен Дәус тайпаларынан өзге ешкімнің сыйлығын алмауға бел будым!”»1

Түсіндірме

«Тәйсирде» берілген мәтін – хадистің Тирмизидегі нұсқасы. Әбу Дәуіт жеткізген нұсқадағы қосымша сөздер тік жақша ішінде берілді. Тирмизидегі тағы бір риуаят кейбір келеңсіз жайттардың Алла елшісін (с.а.с.) сыйлық қабылдауға шек қоюға итермелегенін көрсетеді: «Фазара тайпасынан бір кісі орманда қолға түсірген түйелерінің бірін Алла елшісіне (с.а.с.) сыйлапты. Пайғамбарымыз сыйдың қарымтасын бергенімен, әлгі кісі разы болмапты. Содан соң Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде былай дегенін естідім: “Арабтардың кейбірі маған сыйлық береді. Қолымда барымен қарымтасын қайтарамын. Бірақ ол разы болмай, тіпті маған наразылығын білдіреді. Аллаға ант етемін, осы отырған сәтімнен бастап құрайыштардан, ансарлардан, Сақиф пен Дәус тайпаларынан өзге ешбір арабтың сыйлығын қабыл алмаймын”». Осы хадистерге сүйенген ғалымдар көбірек дәмету үшін берілген сыйды қабылдауды мәкруһ санаған. Алла елшісінің (с.а.с.) аталған қауымдарды бөліп атауын олардың тоқмейілдігімен, жомарттығымен, кеңпейілдігімен және сыйлыққа қарымта күтпейтінімен түсіндіргендер де бар.

  1. 1Тирмизи, Манақиб, (3940, 3941); Әбу Дәуіт, Буйу 82 (3537); Нәсәи, Умра 5, (6, 280).
5786
Кутуб ситтә, № 5786 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Умама (р.а.)

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ شَفَعَ لِأَحَدٍ شَفَاعَةً فَأَهْدَى لَهُ هَدِيَّةً عَلَيْهَا فَقَبِلَهَا فَقَدْ أَتَى بَابًا عَظِيمًا مِنْ أَبْوَابِ الرِّبَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім біреудің ісіне ара түссе, әлгі кісі осы көмегі үшін оған сыйлық берсе, сол сыйлықты қабыл алған адам рибаның үлкен бір есігін ашқан болады”, – деді».1

Түсіндірме

Ғалымдар хадистерге сүйеніп, біреудің игілігі үшін ара түсуді мұстахаб, ал кей жағдайда уәжіп деп санаған. Осындай жәрдемі үшін сыйлық алу жөнсіз. Ғалымдардың айтуынша, риба адал дүниеге нұқсан келтіргені сияқты, мұндай сыйлық та істелген жақсылықтың сауабын жояды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Буйуғ 84 (3541).
5787
Кутуб ситтә, № 5787 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Убада ибн әс-Самит (р.а.)

وَعَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: عَلَّمْتُ نَاسًا مِنْ أَهْلِ الصُّفَّةِ الْكِتَابَ وَالْقُرْآنَ، فَأَهْدَى إِلَيَّ رَجُلٌ مِنْهُمْ قَوْسًا. فَقُلْتُ: لَيْسَتْ لِي بِمَالٍ، وَأَرْمِي عَلَيْهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى، لَآتِيَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَلَأَسْأَلَنَّهُ. فَأَتَيْتُهُ، فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، رَجُلٌ أَهْدَى إِلَيَّ قَوْسًا مِمَّنْ كُنْتُ أُعَلِّمُهُ الْكِتَابَ وَالْقُرْآنَ، وَلَيْسَتْ لِي بِمَالٍ، وَأَرْمِي عَلَيْهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ. فَقَالَ: إِنْ كُنْتَ تُحِبُّ أَنْ تُطَوَّقَ طَوْقًا مِنْ نَارٍ فَاقْبَلْهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Убада ибн әс-Самит (р.а.) айтады: «Суффа сахабаларының бірқатарына жазу мен Құран үйреткен едім. Солардың бірі маған садақ сыйлады. “Бұл садақ мен үшін үлкен дүние емес. Онымен Алла жолында оқ атармын. Дегенмен Алла елшісіне (с.а.с.) барып сұрайын”, – дедім. Оған барып: “Уа, Алла елшісі! Өзім жазу мен Құран үйреткен бір кісі маған садақ сыйлады. Мұны дүние санап тұрғаным жоқ. Онымен Алла жолында оқ атсам деймін”, – дедім. Ол: “Мойныңа оттан алқа тағылғанын қаласаң, қабыл ал”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасында لَيْسَتْ بِمَالٍ делінген. Жоғарыдағы мәтінде мағынаны айтарлықтай өзгертпейтін لِي сөзі бар. «Садақ дүние саналмайды» деген сөзді «Бұл садақ мен үшін үлкен дүние емес» деп аудардық. Кейбір ғалымдар бұл сөйлемді أَهْدَى сөзіндегі бірінші жақ есімдігінің жай-күйін білдіреді деп түсіндірген. Сонда айтушының мақсаты «Ғұрып бойынша садақ ақыға жатпайды» немесе «Оны сату үшін алған жоқпын, ол – қажетіме жарайтын бұйым» дегені болады.

2. Алла елшісі (с.а.с.) жазу мен Құран үйреткені үшін ақы алуға қарсы болған. Ғалымдар хадисті түсіндіруде әртүрлі пікір айтқан. Діни білім үйреткені үшін ақы алмау керек пе? Олай болса, дінді оқыту ісі ақсауы мүмкін. Ақырында белгілі шарттармен ақы алуға болады деген үкімге келген. Исламның алғашқы кезеңінде адамдар атқарған қызметіне ақы алмайтын, біреуге қызметі үшін ақы төлеу түрлі қолайсыздық тудыруы мүмкін еді. Кейде қоғамдық мәселелерге діннің араласуына үзілді-кесілді қарсы болған топтардың өзі дінге кері әсер етуі ықтимал істерде пәтуаға жүгінген. Мысалы, 1950 жылға дейін дін қызметкерлеріне мемлекеттік қазынадан жалақы бермей, «Діни қызмет үшін ақы алу – күнә» деген сылтаумен аят пен хадистен шала-шарпы дәлел келтіргендер болды. Осы мәселе қайта көтерілгендіктен, хадиске берілген бірқатар түсіндірмені келтірейік.

• Хаттаби былай дейді: «Ғалымдар бұл хадистің мағынасын әртүрлі түсінген.

• Бір тобы хадистің сыртқы мағынасын негізге алып, Құран үйреткені үшін ақы алуды мүбах санамаған. Зуһри, Әбу Ханифа және Исхақ ибн Рахуя осы көзқарасты ұстанған.

• Бір тобы әуел бастан ақы шарт етілмесе, кейін берілген ақыны алудың айыбы жоқ деген. Хасан Басри, Ибн Сирин және Шағби осы пікірде болған.

• Бір тобы ешқандай шарт қоймастан, мұны мүбах санаған. Ата, Мәлик, Шафиғи мен Әбу Сәур осы көзқарасты ұстанған. Олар Сәһл ибн Сағдтың мына риуаятына сүйенеді: “Алла елшісі (с.а.с.) үйленгісі келген, бірақ мәһірге берер ештеңесі жоқ кісіге: ‘Құраннан білгендеріңді оған үйрету шартымен сені осы әйелге некелеймін’, – деді”. Олар Убаданың хадисін былай түсіндіреді: “Ол ақысыз, Алланың разылығын көздеп үйреткен. Үйретерде ақы не пайда алуды ойламаған. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) оны ақыреттегі сауабынан айырылып қалмауға шақырып, ескертті. Убаданың жағдайы жоғалған затты иесіне тауып берген не теңізге батқан мүлкін ақы дәметпей шығарып берген кісінікіне ұқсайды. Ол адам кейін қызметіне ақы сұрай алмайды. Ал ақысыз істі бастамай тұрып ақы сұраса, оны алуы рұқсат болар еді. Суффа сахабалары жұрттың садақасымен күнелткен кедейлер еді. Олардан бір нәрсе алу мәкруһ, оларға беру мұстахаб саналған”».

• Кейбір ғалымдар: «Құран үйреткені үшін ақы алу жағдайға қарай бағаланады», – деген.

• Мұсылмандар арасында осы істі атқаратын басқа адамдар да болса, Құран үйреткені үшін ақы алу адал. Өйткені парыз бір ғана адамның мойнына жүктелмейді.

• Мұсылмандарға Құран үйрететін өзге адам табылмаса, үйрете алатын кісінің осы қызметі үшін ақы алуы адал болмайды. Риуаятты түсіндірудегі пікір айырмасын осы негізде қарастырған жөн.

Әрине, «Құран үйрететін кісінің күнкөрісін өтейтін табысы болмаса ше?» деген сұрақ туады. Ондай жағдайда Құран мен дінді оқыту ісін ақсатпайтын, оны жеңілдететін икемді түсінік үмбеттің игілігіне көбірек сай келеді. Мұнда ниет маңызды. Үнемшілдік пен қанағатты ұстанып, қарапайым тұрмысқа разы болып, Алланың разылығы үшін Құран мен дінді үйретуге ғұмыр арнау – ең дұрыс жол. Бәдиүззаман айтқандай, азға қанағат ету арқылы ілім иелерін «Ілім мен дінді күнкөріс құралына айналдырды» деп айыптаушылардың сөзі іс жүзінде теріске шығады. Негізінде, Алла елшісі (с.а.с.) Құранның бірнеше аятында ақы адамдардан емес, Алладан сұралатынын айтып, дінге қызмет етудің жолын көрсетті. «Ясин» сүресінің 21-аятында ﴿ٱتَّبِعُوا۟ مَن لَّا يَسْـَٔلُكُمْ أَجْرًا وَهُم مُّهْتَدُونَ﴾ «Сендерден ақы сұрамайтын, хақ жолда жүрген жандарға еріңдер!» делініп, жұрттың оларға көбірек сенім артып, ден қоятыны аңғартылады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Буйуғ 37 (3417).