وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَنَّ أَعْرَابِيًّا أَهْدَى لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ بَكْرَةً، فَعَوَّضَهُ مِنْهَا سِتَّ بَكَرَاتٍ، فَتَسَخَّطَ، فَبَلَغَ ذَلِكَ النَّبِيَّ ﷺ، فَحَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ، ثُمَّ قَالَ: إِنَّ فُلَانًا أَهْدَى لِي بَكْرَةً، فَعَوَّضْتُهُ مِنْهَا سِتَّ بَكَرَاتٍ، فَظَلَّ سَاخِطًا لَهَا، لَقَدْ هَمَمْتُ أَنْ لَا أَقْبَلَ هَدِيَّةً إِلَّا مِنْ قُرَشِيٍّ أَوْ أَنْصَارِيٍّ أَوْ ثَقَفِيٍّ أَوْ دَوْسِيٍّ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) жас түйе сыйлады. Алла елшісі сыйының қарымтасына алты жас түйе берді. Бәдәуи соған да разы болмады. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.) Аллаға мақтау айтып, былай деді: “Пәленше маған жас түйе сыйлады. Мен қарымтасына алты жас түйе бердім. Сонда да көңілі толмапты. Құрайыштардан, ансарлардан, Сақиф пен Дәус тайпаларынан өзге ешкімнің сыйлығын алмауға бел будым!”»1
Түсіндірме
«Тәйсирде» берілген мәтін – хадистің Тирмизидегі нұсқасы. Әбу Дәуіт жеткізген нұсқадағы қосымша сөздер тік жақша ішінде берілді. Тирмизидегі тағы бір риуаят кейбір келеңсіз жайттардың Алла елшісін (с.а.с.) сыйлық қабылдауға шек қоюға итермелегенін көрсетеді: «Фазара тайпасынан бір кісі орманда қолға түсірген түйелерінің бірін Алла елшісіне (с.а.с.) сыйлапты. Пайғамбарымыз сыйдың қарымтасын бергенімен, әлгі кісі разы болмапты. Содан соң Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде былай дегенін естідім: “Арабтардың кейбірі маған сыйлық береді. Қолымда барымен қарымтасын қайтарамын. Бірақ ол разы болмай, тіпті маған наразылығын білдіреді. Аллаға ант етемін, осы отырған сәтімнен бастап құрайыштардан, ансарлардан, Сақиф пен Дәус тайпаларынан өзге ешбір арабтың сыйлығын қабыл алмаймын”». Осы хадистерге сүйенген ғалымдар көбірек дәмету үшін берілген сыйды қабылдауды мәкруһ санаған. Алла елшісінің (с.а.с.) аталған қауымдарды бөліп атауын олардың тоқмейілдігімен, жомарттығымен, кеңпейілдігімен және сыйлыққа қарымта күтпейтінімен түсіндіргендер де бар.
- 1Тирмизи, Манақиб, (3940, 3941); Әбу Дәуіт, Буйу 82 (3537); Нәсәи, Умра 5, (6, 280).