وَعَنْ عِيَاضِ بْنِ حِمَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَهْدَيْتُ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ هَدِيَّةً، فَقَالَ: أَسْلَمْتَ؟ فَقُلْتُ: لَا. قَالَ: فَإِنِّي نُهِيتُ عَنْ زَبْدِ الْمُشْرِكِينَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Ияд ибн Химар (р.а.) айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір сыйлық ұсындым. Ол менен: “Мұсылман болдың ба?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. Сонда ол: “Маған мүшріктердің сыйлығын қабыл алуға тыйым салынған”, – деп, сыйлығымды алмады».1
Түсіндірме
Алла елшісінің (с.а.с.) кейбір мүшріктердің сыйлығын қабыл алғанын жеткізетін риуаяттар да, мүшріктердің сыйлығын алуға тыйым салынғанын айтып, бас тартқанын жеткізетін риуаяттар да бар. Осы хадис – соның бірі. Тирмизи: «Бұл бас тарту бұрын рұқсат етілген істің кейін тыйылуынан болуы мүмкін», – деп жорамалдаған. Ғалымдар риуаяттардың арасын түрліше үйлестірген:
• Сыйлық арқылы сүйіспеншілік пен достық орнатқысы келгендердің сыйын қабыл алмаған. Ал сыйын қабылдаса, көңілі жібіп, исламға бет бұрады деп үміт еткен кісілердің сыйын алған.
• Кітап иелерінің сыйлығын қабыл алған, пұтқа табынушылардың сыйлығын алмаған.
• Билеушілерден өзге кісілердің сыйлығын алмаған. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне ғана тән ерекшелік еді.
• Сыйлықты қабыл алу туралы хадистер бас тарту туралы хадистердің үкімін жойған дегендер де, бас тарту туралы хадистер қабыл алу үкімін жойған дегендер де бар. Алайда жорамал мен болжам үкімнің жойылғанын дәлелдей алмайды. Ибн Хажар бұл түсіндірмелерді әлсіз деп тапқан. Мүшріктің сыйлығын алмау негіз саналғанымен, жеке не жалпы игілік үшін оны қабылдауға болады деген түсіндіру де ықтимал.
- 1Әбу Дәуіт, Хараж 35 (3057); Тирмизи, Сияр 24 (1577).