عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا حَقُّ امْرِئٍ مُسْلِمٍ لَهُ شَيْءٌ يُوصِي فِيهِ أَنْ يَبِيتَ لَيْلَتَيْنِ إِلَّا وَوَصِيَّتُهُ مَكْتُوبَةٌ عِنْدَهُ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ: «يَبِيتُ ثَلَاثَ لَيَالٍ». قَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ: «مَا مَرَّتْ عَلَيَّ لَيْلَةٌ مُنْذُ سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ ذَلِكَ إِلَّا وَعِنْدِي وَصِيَّتِي».
Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Өсиет етіп қалдырар дүниесі бар мұсылманның өсиетін жазып, өз жанында әзір ұстамай екі түн өткізуіне хақы жоқ”, – деді».
Мүслим жеткізген нұсқада: «Үш түн өткізуіне хақы жоқ», – делінген.1
Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы сөзін естігелі жазылған өсиетім жанымда болмай, бір түн де өткізген емеспін».2
Түсіндірме
• Хадис азды-көпті мал-мүлкі бар әр кісі жазбаша өсиетін жанында ұстауы керегін түсіндіреді. Өйткені адам өлімнің қашан және қай жақтан келетінін білмейді. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, адамның мойнында аманат не қарыз болса, ол туралы жазбаша өсиет қалдыруға тиіс. Өзгеріс енгізу қажет болса, өсиетті куәлардың алдында қайта жазу керек.
• Мүмін өлімді жиі еске алып, өмірін ретке келтіріп, оған дайындалғаны жөн. Өйткені өлімнен кейін Раббысымен қауышады. Алла Тағала Құранда: ﴿ٱلَّذِينَ يَظُنُّونَ أَنَّهُم مُّلَٰقُوا۟ رَبِّهِمْ وَأَنَّهُمْ إِلَيْهِ رَٰجِعُونَ﴾ «Ондай жандар Раббыларымен қауышатындықтарына және Оған міндетті түрде қайтатындарына сенеді»3, – деп баяндайды.
Хадис аз не көп дүниесі бар адамға өсиетін жазып қоюды ұсынады. Оның сөз саптауы міндетті үкімге ұқсаса да, көпшілік ғалымдар мұны ұстанған дұрыс екенін білдіретін өсиет деп түсінген. Заһирилер осы хадиске сүйеніп, өсиет жазуды уәжіп санаған. Көпшілік ғалымдар адамның мойнында аманат не қарыз болса, оны көрсететін өсиеті болуға тиіс екенін айтқан. Жазбаша өсиетке өзгеріс енсе, оны да жазып, куәландыру қажет.