عَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَعُودُنِي عَامَ حَجَّةِ الْوَدَاعِ مِنْ وَجَعٍ اشْتَدَّ بِي: فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ: بَلَغَ بِي مِنَ الْوَجَعِ مَا تَرَى، وَأَنَا ذُو مَالٍ، وَلَا يَرِثُنِي إِلَّا ابْنَةٌ لِي، أَفَأَتَصَدَّقُ بِثُلُثَيْ مَالِي؟ قَالَ: لَا. قُلْتُ: فَالشَّطْرُ؟ قَالَ: لَا. قُلْتُ: فَالثُّلُثُ؟ قَالَ: الثُّلُثُ، وَالثُّلُثُ كَثِيرٌ، إِنَّكَ إِنْ تَذَرَ وَرَثَتَكَ أَغْنِيَاءَ خَيْرٌ مِنْ أَنْ تَذَرَهُمْ عَالَةً يَتَكَفَّفُونَ النَّاسَ، وَإِنَّكَ لَنْ تُنْفِقَ نَفَقَةً تَبْتَغِي بِهَا وَجْهَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ إِلَّا أُجِرْتَ بِهَا حَتَّى مَا تَجْعَلُ فِي فِي امْرَأَتِكَ، قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! أُخَلَّفُ بَعْدَ أَصْحَابِي؟ قَالَ: إِنَّكَ لَنْ تُخَلَّفَ فَتَعْمَلَ عَمَلًا تَبْتَغِي بِهِ وَجْهَ اللَّهِ إِلَّا ازْدَدْتَ بِهِ دَرَجَةً وَرِفْعَةً، وَلَعَلَّكَ أَنْ تُخَلَّفَ حَتَّى يَنْفَعَ اللَّهُ بِكَ أَقْوَامًا وَيَضُرَّ بِكَ آخَرِينَ. اللَّهُمَّ امْضِ لِأَصْحَابِي هِجْرَتَهُمْ وَلَا تَرُدَّهُمْ عَلَى أَعْقَابِهِمْ، لَكِنِ الْبَائِسُ سَعْدُ بْنُ خَوْلَةَ يَرْثِي لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ مَاتَ بِمَكَّةَ. أَخْرَجَهُ السِّتَةُ.
Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) айтады: «Қоштасу қажылығы жылы дертім меңдеп жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.) көңілімді сұрай келді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Дертімнің қаншалықты ауыр екенін көріп тұрсыз. Менің дүние-мүлкім бар, жалғыз қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Мүлкімнің үштен екісін садақа етейін бе?” – дедім. Ол: “Жоқ”, – деді. “Жартысын ше?” – дедім. “Жоқ”, – деді. “Үштен бірін ше?” – дедім. Сонда ол: “Үштен бірі жарайды, оның өзі де көп. Мұрагерлеріңді дәулетті етіп қалдыру – жұртқа қол жайған мұқтаж күйде қалдырудан жақсы. Алланың разылығын көздеп жұмсаған әр шығының үшін, тіпті жұбайыңның аузына салған бір түйір ас үшін де сауап аласың”, – деді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Жолдастарымнан кейін қалып қоямын ба?” – дедім. Ол: “Тірі қалып, Алланың разылығын көздеп қандай амал істесең де, соның арқасында дәрежең мен мәртебең артады. Бәлкім, ұзақ жасап, Алла сен арқылы бір қауымға пайда, енді бір қауымға зиян жеткізер. Уа, Алла! Сахабаларымның һижретін тамам ет, оларды кері қайтара көрме! Әттең, Сағд ибн Хаулә!” – деді». Алла елшісі (с.а.с.) Сағд ибн Хауләнің Меккеде қайтыс болғанына қайғырған еді.1
Түсіндірме
1. Қоштасу қажылығы жылы Сағд ибн Әбу Уаққас қатты науқастанып, Алла елшісі (с.а.с.) оның көңілін сұрап барады. Сол кездесуде болған әңгіме шариғаттың маңызды үкімдерін нақтылауға себеп болған.
• Ешкім мүлкінің үштен бірінен артығын өсиет ете алмайды. Мұрагерлерінен өзге кісілерге өсиет етіп бөле алатын үлес – дүниесінің үштен бірі. Ханафи, мәлики, шафиғи ғалымдары, Әузағи, Сәури, Ләйс, Ахмад, Исхақ және хадис ғалымдары осы мәселеде бірдей үкім берген.
• Мұрагерге өсиет арқылы қосымша үлес берілмейді. Өйткені әр мұрагерге тиесілі үлес белгіленген. Оған сол мөлшерден артық беру жөн емес.
• Хадистің соңында Алла елшісінің (с.а.с.) Сағд ибн Хауләға жаны ашығаны айтылады. Хадис ғалымдары мұны оның Меккеде қайтыс болуымен байланыстырады. Һижрет тақырыбында айтылғандай, һижрет ету – қадірлі іс. Һижрет еткен кісі өзі тастап шыққан мекеніне қайта оралмауға тиіс. Оралса да, көп аялдамай, қоныс аударған жеріне қайтуы керек. Алла елшісі (с.а.с.) Сағдтың Меккеде қайтыс болғанына қайғырған.
3. Ізгі ниетпен отбасы мүшелерінің нәпақасына жұмсалған дүниенің садақаға айналатыны – мүміндер үшін зор сүйінші.
4. Әбу Зәрр (р.а.) тәрізді бір топ сахаба мал жинауды мәкруһ санағанымен, мал жинап, дәулетті болуға рұқсат. Өйткені Сағд хадисте «дүние иесі» деп аталған. Алла елшісі (с.а.с.) мал жинауға тыйым салса, Сағд ибн Әбу Уаққас дәулет иесі болмас еді.
5. Мұрагерлерді дәулетті етіп қалдыруға ұмтылған абзал. Бұл хадис дәулетті болудың кедейліктен абзал екеніне дәлел ретінде келтіріледі.
6. Игі іс істеп, құлшылық жасау үшін ұзақ ғұмыр тілеу – мұстахаб.
7. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) ғайыптан хабар берген мұғжизаларының бірі. Ол айтқандай, Сағд ибн Әбу Уаққас дертінен айығып, ұзақ жасады. Ол талай шайқасқа қатысып, кейбіреулердің тура жолға түсуіне, басқалардың қаза табуына не тұтқынға алынуына себеп болды.
- 1Бұхари Жанаиз 37, Уасая 2, 3, Фазаилул-Асхаб 49, Мағази 77, Нәфақат 1, Марза 13, 16, 43, Фараиз 6; Мүслим, Уасая 5 (1628); Муатта 4, (2, 763); Тирмизи 6 (975); Әбу Дәуіт, Уасая 2 (2864); Нәсәи, Уасая 3, (6, 241, 243).