Хадис

Мұрагерге өсиет қалдыру

Кутуб ситтә, 12-том, 936-тарау · 4 хадис · № 5798–5801

ӨСИЕТ БӨЛІМІ

Хадистер

5798
Кутуб ситтә, № 5798 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَمْرِو بْنِ خَارِجَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: خَطَبَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى نَاقَتِهِ، وَأَنَا تَحْتَ جِرَانِهَا وَهِيَ تَقْصَعُ بِجَرَّاتِهَا، وَإِنَّ لُعَابَهَا لَيَسِيلُ بَيْنَ كَتِفَيَّ فَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى أَعْطَى كُلَّ ذِي حَقٍّ حَقَّهُ، فَلَا وَصِيَّةَ لِوَارِثٍ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Харижа (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) түйесінің үстінде құтба оқыды. Мен түйенің мойнының астында тұрдым. Түйе күйіс қайырып, сілекейі екі иығымның арасына ағып жатты. Сол кезде Алла елшісінің (с.а.с.): “Алла Тағала әрбір хақ иесіне тиісті ақысын берді. Сондықтан мұрагерге өсиет арқылы қосымша үлес қалдырылмайды”, – дегенін естідім».1

  1. 1Тирмизи, Уасая 5 (2122), Нәсәи, Уасая 5, (6, 247).
5799
Кутуб ситтә, № 5799 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ طَلْحَةِ بْنِ مَصْرَفِ قَالَ: سَأَلْتُ ابْنَ أَبِي أَوْفَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَلْ أَوْصَى النَّبِيُّ ﷺ؟ قَالَ: لَا. قُلْتُ: فَكَيْفَ كَتَبَ عَلَى النَّاسِ الْوَصِيَّةَ، أَوْ أَمَرَ بِهَا وَلَمْ يُوصِ؟ قَالَ: أَوْصَى بِكِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Талха ибн Масриф айтады: «Ибн Әбу Әуфадан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) өсиет қалдырды ма?” – деп сұрадым. “Жоқ”, – деді. “Олай болса, өзі өсиет қалдырмай тұрып, адамдарға өсиет етуді қалай міндеттеді немесе бұйырды?” – дедім. Ол: “Алланың кітабын өсиет етті”, – деді».1

Түсіндірме

Ибн Әбу Әуфа өсиетті түгел жоққа шығармаған. Өйткені өсиет Құранда бекітілген. Ол өз ойын нақтылап, Алла елшісінің (с.а.с.) Құранды өсиет еткенін айтты. Мұнда оның: «Сендерге ұстансаңдар адаспайтын бір нәрсе қалдырдым. Ол – Алланың кітабы», – деген хадисі меңзелуі мүмкін. Демек, жоғарыдағы хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) жеке біреуге ақша, дүние не құл жөнінде өсиет қалдырмағаны айтылған. Бұл сөзде әсірелеу жоқ. Бұхариде келген бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) қайтыс болғанда дирхам да, динар да, құл да, өзге дүние де қалдырмаған. Тек ақ қашыры, қаруы және жолаушыларға арнап қалдырған жері болған», – делінеді. Әзірет Айша да оның дирхам, динар, қой, түйе қалдырмағанын және өсиет етпегенін жеткізген. Артында байлық қалмағандықтан, мал-мүлікке қатысты өсиет қалдыруға да қажеттілік болмады. Нәуәуидің түсіндіруінше, аталған жерді Алла елшісі (с.а.с.) көзі тірісінде берген. Қашыры, қаруы және соған ұқсас бұйымдары мұраға жатпаған. Артында қалған дүниенің бәрі садақа болғандықтан, өсиет ететін құнды мүлік қалмаған. Нәуәуи Алла елшісінің (с.а.с.) дүниеден озар алдында бірнеше өсиет айтқанын да атап өтеді. Мүслим мен Нәсәи жеткізген риуаяттар бойынша, оның үш өсиеті мынадай:

1) «Араб түбегінде екі дін қатар қалмасын». Кейбір риуаятта бұл өсиет: «Яһудилерді Араб түбегінен шығарыңдар», – деп берілген.

2) «[Шалғайдан келген] елшілерге мен сый тартқандай сый тартыңдар».

3) Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы өсиеті: «Намазды және қоластарыңдағы құлдар мен күңдерді ескеріңдер».

Ибн Әбу Әуфаның «Алланың кітабын өсиет етті» деген сөзінің мәні кең. Өйткені Құран – діннің негізгі қайнар көзі. Дінге қатысты мәселенің бәрінің негізі Құранда бар. Алла елшісі (с.а.с.) міндеттеген істердің бәрі де Құранда бар деуге болады. Өйткені Құранда: ﴿وَمَآ ءَاتَىٰكُمُ ٱلرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَىٰكُمْ عَنْهُ فَٱنتَهُوا۟﴾ «Пайғамбар сендерге не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және сендерді не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар»2, – делінген.

  1. 1Бұхари, Уасая 1, Мағази 83, Фазаилул-Құран 18; Мүслим, Уасиат 16 (1634); Тирмизи, Уасая 4 (2120); Нәсәи, 2 (6, 240).
  2. 2Хашир, 7.
5800
Кутуб ситтә, № 5800 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ الْأَسْوَدِ بْنِ يَزِيدٍ قَالَ: ذَكَرُوا عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ وَصِيًّا لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ. قَالَتْ: مَتَى أَوْصَى إِلَيْهِ؟ وَقَدْ كُنْتُ مُسْنِدَتَهُ إِلَى صَدْرِي، فَدَعَا بِالطَّسْتِ، فَلَقَدِ انْخَنَثَ فِي حِجْرِي، وَمَا شَعَرْتُ أَنَّهُ مَاتَ، فَمَتَى أَوْصَى إِلَيْهِ؟ أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әсуәд ибн Язид айтады: «Әзірет Айшаның (р.а.) қасында Әлидің Алла елшісінің (с.а.с.) өсиетін орындаушы болғаны айтылды. Сонда ол: “Алла елшісі (с.а.с.) оған өсиетін қашан тапсырыпты? Дүниеден озарында басын менің кеудеме сүйеп жатты. Бір леген алдырды. Құшағымда денесі босап сала бергенде, жан тапсырғанын да аңғармаппын. Сонда оған өсиетін қай кезде тапсырған?” – деді».1

  1. 1Бұхари, Уасая 1, Мағази 83; Мүслим, Уасият 19 (1636); Нәсәи, Уасая 2, (6, 240).
5801
Кутуб ситтә, № 5801 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ: أَنَّ الْعَاصَ بْنَ وَائِلِ السَّهْمِيَّ أَوْصَى أَنْ يُعْتَقَ مِائَةُ رَقَبَةٍ. فَأَعْتَقَ عَنْهُ ابْنُهُ هِشَامٌ خَمْسِينَ، وَأَرَادَ ابْنُهُ عَمْرٌو أَنْ يُعْتِقَ عَنْهُ الْخَمْسِينَ الْبَاقِيَةَ. فَقَالَ: حَتَّى أَسْأَلَ رَسُولَ اللَّهِ، فَأَتَاهُ فَسَأَلَهُ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنَّ أَبِي أَوْصَى أَنْ يُعْتَقَ عَنْهُ مِائَةُ رَقَبَةٍ، وَإِنَّ هِشَامًا أَعْتَقَ عَنْهُ خَمْسِينَ وَبَقِيَتْ عَلَيَّ خَمْسُونَ، أَفَأُعْتِقُ عَنْهُ؟ فَقَالَ ﷺ: إِنَّهُ لَوْ كَانَ مُسْلِمًا فَأَعْتَقْتُمْ عَنْهُ، أَوْ تَصَدَّقْتُمْ عَنْهُ، أَوْ حَجَجْتُمْ عَنْهُ بَلَغَهُ ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Ас ибн Уаил әс-Сахми [өз атынан] жүз құл азат етуді өсиет етті. Ұлы Һишам елуін азат етті. Қалған елуін азат еткісі келген ұлы Амр: “Алдымен Алла елшісінен (с.а.с.) сұрайын”, – деді. Ол барып: “Уа, Алла елшісі! Әкем өз атынан жүз құл азат етуді өсиет етті. Һишам елуін азат етті, елуі қалды. Соларды әкемнің атынан азат етейін бе?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Әкең мұсылман болғанда, оның атынан құл азат етсеңдер, садақа берсеңдер немесе қажылық өтесеңдер, оған пайдасы тиер еді”, – деді».1

Түсіндірме

Соңғы риуаят мұсылман болмай дүниеден өткен кісінің өсиетін орындау мәселесіне қатысты. Ас ибн Уаил ислам дәуіріне жетсе де, мұсылман болмай қайтыс болды. Ұлы Амр әкесінің өсиеті бойынша құл азат етуге бола ма деген күмәнмен Алла елшісінен (с.а.с.) сұраған. Оның жауабына сүйенген ғалымдар мұсылман болмай дүниеден өткен кісіге садақаның сауабы жетпейді деген. Осы хадистен мұсылманға мал-мүлкімен де, тәнімен де жасалған құлшылықтың пайдасы тиетіні аңғарылады. Демек, ғалымдар мұсылман мұрагерге мұсылман болмай дүние салған кісінің Аллаға жақындау мақсатындағы өсиетін орындау міндеттелмейтініне осы хадисті дәлел еткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Уасая 16 (2883).