عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَا أَبَا ذَرٍّ إِنِّي أَرَاكَ ضَعِيفًا، وَإِنِّي أُحِبُّ لَكَ مَا أُحِبُّ لِنَفْسِي، لَا تَأَمَّرَنَّ عَلَى اثْنَيْنِ وَلَا تَوَلَّيَنَّ مَالَ يَتِيمٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.
Әбу Зәрр (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Әбу Зәрр! Сенің әлсіз екеніңді білемін. Өзіме қалаған жақсылықты саған да қалаймын. Екі адамға болса да басшы болма, жетімнің мал-мүлкін басқаруды да мойныңа алма”, – деді».1
Түсіндірме
1. Уаси – кісі қайтыс болғаннан кейін оның мал-мүлкі мен балаларына қамқорлық жасауға, мүлкін сақтауға және басқаруға өкілетті адам. Қайымның уасиден айырмасы – уаси мүлікті сақтайды әрі басқарады, ал қайым оны сақтауға ғана өкілетті. 2. Хадистен әркімнің қамқоршы міндетін атқара алмайтыны аңғарылады. Әбу Зәррдің (р.а.) әлсіздігі өзіне тапсырылған іске пайда келтіріп, одан зиянды қайтара алу қабілетіне қатысты болса керек. Сондықтан қамқоршы жетімнің пайдасын көздей алатындай жігерлі болуы керек. Ол жетімге пайдалы жайттарды зерделеп, оған зиян келтіретін істерге қарсы шара қолдана білуі тиіс. Алла Тағала Юсуфтың (а.с.) тілімен қамқоршылыққа қажетті екі қасиетті білдірген: ﴿إِنِّى حَفِيظٌ عَلِيمٌ﴾ «Өйткені мен қазынаны ұстай алатын сенімді әрі қазына ісін жүргізуді жақсы білемін”, – деді».
1) Хафиз, яғни сақтаушы. Ол жетімнің игілігін көздеп, оны зияннан қорғауға және мал-мүлкін сақтауға қабілетті болуы керек.
2) Алим, яғни білімді адам. Ол қамқоршылықтың мәні мен жауапкершілігін білуі керек. Ғалымдар осы екі қасиеті жоқ кісінің жетімнің қамқоршысы болуын харам санаған. Табаранидің бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Әлсіз басшы лағынеттелген», – деген.
- 1Әбу Дәуіт, Уасая 4 (2868); Нәсәи, Уасая 10, (6, 255).