Хадис

Ант етуге тыйым салынған нәрселер

Кутуб ситтә, 12-том, 942-тарау · 4 хадис · № 5816–5819

АНТ БӨЛІМІ

Хадистер

5816
Кутуб ситтә, № 5816 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ اِبْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَحْلِفُ بِأَبِيهِ، فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ يَنْهَاكُمْ أَنْ تَحْلِفُوا بِآبَائِكُمْ، فَمَنْ كَانَ حَالِفًا فَلْيَحْلِفْ بِاللَّهِ أَوْ لِيَصْمُتْ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) әзірет Омардың (р.а.) әкесінің атымен ант еткенін естіп: “Алла сендерге әкелеріңнің атымен ант етуге тыйым салды. Кім ант етсе, Аллаға ант етсін, әйтпесе үндемесін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте анттың маңызды әдебі көрсетілген. Ант Алланың атымен етіледі. «Аллаға ант етемін» делінеді. Әкенің атымен ант етуге тыйым салынған. Хадистің басқа нұсқасында: «Әкелеріңнің, аналарыңның және пұттардың атымен ант етпеңдер. Алланың атымен ғана ант етіңдер», – делінген.

Хадис түсіндірушілері жаһилият дәуірінде құрайыштар арасында әке атымен ант ету кең тарағанын айтады. Риуаяттардан әзірет Омардың да «Әкеме ант етемін» дегені белгілі. Ибн Әбу Шәйба келтірген нұсқада әзірет Омар өзі баяндайды: «Бір топ кісі болып әңгімелесіп отыр едік. Бір кезде: “Жоқ, әкеме ант етемін!” – дедім. Артымнан біреу: “Әкелеріңнің атымен ант етпеңдер!” – деді. Бұрылып қарасам, Алла елшісі (с.а.с.) екен. Ол: “Араларыңнан біреу Исаға ант етсе де, опат болады. Иса әкелеріңнен әлдеқайда артық”, – деді».

Тирмизи жеткізген риуаятта Ибн Омар бір кісінің: «Жоқ, Қағбаға ант етемін!» – дегенін естіп: «Алладан басқаға ант етпеңдер. Алла елшісінің (с.а.с.): “Алладан басқаға ант еткен адам күпірлік етеді немесе серік қосады”, – дегенін естідім», – депті.

Кейбір ғалымдар бұл жерде «күпір» мен «ширк» сөздерінің қатаң ескерту үшін айтылғанын түсіндіреді. Алладан басқа нәрсемен ант етуді харам санайтындар осы хадиске сүйенеді.

2. Ғалымдар тыйымның себебін былай түсіндіреді: «Бір нәрсенің атымен ант ету – оны ұлықтау. Ұлылық Аллаға ғана лайық». Ал Құранда Алла Тағала інжір, зәйтүн, аспан, Тұр тауы және сәске уақыты тәрізді нәрселермен ант етеді. Ғалымдар мұны екі жолмен түсіндірген:

1) Ол нәрселердің маңызы мен қадіріне назар аударып, адамды олар жайында ойлануға үндейді.

2) Бұл анттарда «Інжірдің Раббысына ант етемін», «Сәске уақытының Раббысына ант етемін» деген тәрізді мағына астарланып тұр.

3. Хадистің сыртқы мағынасында Алламен ғана ант етілетіні айтылғанымен, фақиһтар Алланың затымен де, ұлық сипаттарымен де ант етуге болатынын айтқан. Кісі «Антым болсын» десе, әһл әр-рәй өкілдері мен бірқатар фақиһтар мұны антқа санайды. Антын орындамаса, ханис болып, кәффарат өтеуі керек. «Осы істі істесем, кәпір болайын» немесе «христиан болайын» деген сөздердің антқа жатуы даулы. Ант ниетімен айтылса, антқа саналады, ал бұзылса, кәффарат керек дегендер бар.

«Алла жанымды алсын», «құрып кетейін» сияқты өзіне қарғыс айту сипатындағы сөздер антқа жата ма деген де талас бар. Ханафилер оны антқа жатқызбайды. Кейбір ғалымдар мұндай антты бұзса, кәффарат өтеу керек деген. Риуаятта келген Алла елшісінің (с.а.с.) «Әкесінің атымен айтайын, құтылды» деген сөзі ант ниетімен айтылмаған, тілге дағдылы оралым болған деп түсіндірілген. Сондықтан одан ант жөнінде дәлел алынбайды.

4. Ғалымдар тыйымның үкімі туралы түрлі пікір айтқан.

• Мәликилер арасында мұны харам санағандар да, мәкруһ санағандар да бар. Басым пікір бойынша, мәкруһ.

• Ханбалилердің де пікірі әртүрлі. Кең тараған көзқарас бойынша, харам.

• Заһирилер де харам санайды.

• Шафиғилердің пікірі де әртүрлі. Имам Шафиғи: «Алладан басқа нәрсемен ант ету күнәға жата ма деп қауіптенемін», – деген. Шафиғи мәзһабындағы басым пікір бойынша, бұл – танзиһи мәкруһ. Имам әл-Харамайн: «Шафиғи мәзһабы мұның мәкруһ екеніне нақты үкім береді», – дейді. Кейбір ғалымдар былай түсіндірген: «Ант еткен кісі ант ішкен нәрсесін Алламен тең ұлық деп сенсе, анты харам болады. Мұндай сенім күпірге жатады. Жоғарыдағы хадистің сыртқы мағынасы осылай ант еткен адамға қатысты. Ал Алладан басқа нәрсені ондай сенімсіз атап ант ету күпірге жатпайды, бірақ айтқан сөзі ант болып есептелмейді». Мауарди: «Ешкімнің өзге біреуден Алладан басқа нәрсенің атымен ант етуді талап етуіне болмайды. Талақ, құл азат ету немесе нәзір арқылы ант етуді талап ету де дұрыс емес. Би осылардың бірімен ант беруді ұсынса, білместігі себепті қызметінен босатылуға тиіс», – деген.

Нәуәуи: «Алланың есімдері мен сипаттарынан басқа нәрсемен ант ету мәкруһ. Алла елшісі (с.а.с.), Қағба, періште, аманат, өмір, рух секілді нәрселермен ант етудің үкімі бір. Осылардың ішіндегі ең ұнамсызы – аманатпен ант ету», – дейді.

  1. 1Бұхари, Әйман 4; Мүслим, Әйман 1 (1646); Әбу Дәуіт, Әйман 5 (3250); Тирмизи, Әйман 8 (1534); Нәсәи, Әйман 5, (7, 4, 5).
5817
Кутуб ситтә, № 5817 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Бурайда (р.а.)

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَلَفَ بِالْأَمَانَةِ فَلَيْسَ مِنَّا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім аманатпен ант етсе, бізден емес”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Аманат» – Құранда қолданылған сөз. Онымен намаз, ораза, қажылық сияқты міндеттер де, сақтауға берілген мүлік пен қауіпсіздік те меңзеледі. Алланың есімдері мен сипаттарымен ант ету бұйырылғандықтан, Оның әмірлерінің бірі болған аманатпен ант ету сол бұйрыққа қайшы. Өйткені бұл Алланың сипаты мен әмірін тең қойғанмен бірдей. Жаратылыстардың атымен ант етуге де тыйым салынған.

Ғалымдар «бізден емес» дегенді «тақуалардан емес», «сүннетімізді ұстанғандардан емес» немесе «мұсылмандардың таңдаулыларынан емес» деп түсіндірген. Имам Шафиғидің пікірінше, «Алланың аманатын мойныма алып, осы істі жасаймын» деген сөз ант ниетімен айтылса, ант болып есептеледі. Оны бұзса, кәффарат уәжіп. Ант ниеті болмаса, ант саналмайды. Мәлики ғалымы Әшхаб: «Аманат сөзімен жаратылыс та, Алланың сипаты да меңзелуі мүмкін. Алланың сипаты меңзелсе, ант болады, жаратылыс меңзелсе, ант болмайды», – деген. Имам Ағзамның пікірінше, «Алланың аманатына ант етемін» деген сөз ант болып есептеледі. Шафиғи бойынша, ниет етілмесе, ант саналмайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 6 (3253).
5818
Кутуб ситтә, № 5818 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ إِبْرَاهِيمَ، يَعْنِي النَّخَعِيَّ، قَالَ: كَانُوا يَنْهَوْنَا، وَنَحْنُ غِلْمَانٌ، أَنْ نَحْلِفَ بِالشَّهَادَةِ وَالْعَهْدِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибраһим Нахағи: «Бала кезімізде үлкендер куәлік пен келісімді алға тартып ант етуімізге тыйым салатын», – дейді.1

Түсіндірме

1. Ғалымдар «Әшһаду биллаһи», «шаһидту биллаһи», яғни «Алланың атымен куәлік етемін» деген сөздің антқа жататыны туралы таласқан. Ханафилер мен ханбалилер оны ант санаған. Нахағи мен Сәури де осы пікірде. Шафиғилер ант ниеті болса, ант болады деген. Шафиғи бойынша, «куәлік етемін» деген кісі антты емес, Алланың бұйрығын не бірлігін меңзеуі мүмкін. Кейбір ғалымдар «куәлік етемін» деудің өзі ант саналмайтынын, «Алланың атымен куәлік етемін» дегенде ғана ант болатынын айтқан.

Ханбалилердің пікірінше, бір ғана «куәлік етемін» деген сөз де антқа жатады. Әузағи мен Рабиға да осыны айтқан.

2. Куәлік пен келісімді атап ант ету дегеніміз – «Алланың атымен куәлік етемін» немесе «Алланың алдындағы сертім болсын» деп ант ету.

Бұхаридің «Куәліктер кітабындағы» нұсқада Ибраһим Нахағи: «Үлкендеріміз куәлік пен сертті атап ант еткеніміз үшін бізді ұратын», – дейді. Олар балалардың орынсыз жерде ант етуге дағдыланбауын қадағалаған. Бірқатар хадисте қажетсіз жерде ант етуге және сұралмай тұрып куәлік беруге тыйым салынған.

  1. 1Бұхари, Әйман 10.
5819
Кутуб ситтә, № 5819 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Бурайда (р.а.)

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ حَلَفَ فَقَالَ: إِنِّي بَرِيءٌ مِنَ الْإِسْلَامِ، فَإِنْ كَانَ كَاذِبًا فَهُوَ كَمَا قَالَ. وَإِنْ كَانَ صَادِقًا فَلَنْ يَرْجِعَ إِلَى الْإِسْلَامِ سَالِمًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім ант етіп, ‘Мен исламнан безгенмін’ десе, өтірік айтқан болса, айтқанындай болады. Ал шын айтқан болса, исламға аман-есен қайтпайды”, – деді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте ант еткенде аса сақ болуды ескерткен. «Осы істі істесем не істемесем, исламнан шығайын» деген сөз орынды антқа жатпайды. Кісі өтірік екенін біле тұра осылай десе, Алла елшісінің (с.а.с.) ескертуінше, айтқанындай болады. Бұл – ол үшін үлкен зиян. «Мынаны істесем, кәпір болайын» немесе соған ұқсас сөзбен ант етіп, кейін сол істі жасаған адам кәпір бола ма деген мәселеде ғалымдар түрлі пікір айтқан.

• Ибн Аббас, Әбу Һурайра (р.а.), Ата, Қатада және фақиһтардың көпшілігі мұндай адамның ант кәффаратын өтеуі міндетті емес әрі күпірге түспейді деген. Бірақ айтқанын жүрегімен қабыл алса, күпірге түседі.

• Әузағи, Сәури, ханафилер, Ахмад пен Исхақ мұны ант деп, кәффарат өтеу керек деген.

Қалай болғанда да, мұндай сөз айтқан кісі тәубе етуге тиіс. Кәффарат керек емес дегендер бұл қылықты антты бұзудан да ауыр күнә санаған. Алла кешірсе, шынайы тәубе оның өтеуі болады. Алла мүміндерді осындай қателіктен сақтасын.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әйман 9 (3258); Нәсәи, Әйман 8, (7, 6).