عَنْ سُوَيْدِ بْنِ حَنْظَلَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: خَرَجْنَا نُرِيدُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، وَمَعَنَا وَائِلُ بْنُ حُجْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَخَذَهُ عَدُوٌّ لَهُ. فَتَحَرَّجَ الْقَوْمُ أَنْ يَحْلِفُوا وَحَلَفْتُ أَنَا أَنَّهُ أَخِي، فَخَلُّوا سَبِيلَهُ، فَأَتَيْنَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَأَخْبَرْتُهُ أَنَّ الْقَوْمَ تَحَرَّجُوا أَنْ يَحْلِفُوا وَحَلَفْتُ أَنَا أَنَّهُ أَخِي، فَقَالَ: صَدَقْتَ، الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Суайд ибн Ханзала (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бармақ болып жолға шықтық. Қасымызда Уаил ибн Хужр (р.а.) да бар еді. Жолда оны бір дұшпаны ұстап алды. Жолдастарым ант беруден тартынды. Мен: “Ол – менің бауырым”, – деп ант бердім. Сонда оны босатты. Алла елшісіне келген соң оған жолдастарымның ант беруден тартынғанын, өзімнің “Ол – менің бауырым” деп ант еткенімді айттым. Ол: “Рас айтыпсың. Мұсылман – мұсылманның бауыры”, – деді».1
Түсіндірме
«Тәурия» – жасыру деген сөз. Ант бергенде түпкі мақсатын жасырып сөйлеу де тәурия деп аталады. Адам сөзін тыңдаушы басқа мағынада түсінетіндей етіп ант беруі мүмкін. Бұған рұқсат бар ма, бар болса қандай жағдайда? Ғалымдар мәселені риуаяттарға сүйеніп талдаған. Жоғарыда айтқанымыздай, оған рұқсат етілетін жағдайлар бар. Нәуәуи: «Қазы немесе оның орынбасары дауға байланысты талап еткен анттан өзге жағдайда ант оны айтқан адамның ниетіне қарай бағаланады», – деген. Тәурия туралы ол: «Адам тәурия жасағаны үшін антын бұзған болып саналмауы мүмкін. Бірақ соның салдарынан ант талап етуші ақысынан айырылса, мұндай тәурияға рұқсат жоқ. Бұл жөнінде ғалымдар бірауызды», – дейді. Қади Ияд мына мәселеде де ортақ ұйғарым барын айтады: «Өзінен ант талап етілмеген және анты өзгенің ақысына қатысы жоқ адамның ниеті негізге алынып, сөзі қабылданады. Мойнында біреудің ақысы болса, антты сұраған соң берді ме, өздігінен берді ме, үкім оның сөзінің сыртқы мағынасына қарай шығарылады. Бұл жөнінде талас жоқ».
- 1Әбу Дәуіт, Әйман 8 (3256); ибн Мәжа, Кәффарат 14 (2119).