عَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: اِخْتَصَمَ رَجُلَانِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَسَأَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْمُدَّعِيَ الْبَيِّنَةَ فَلَمْ يَكُنْ لَهُ بَيْنَةٌ فَاسْتَحْلَفَ الْمَطْلُوبَ فَحَلَفَ بِاللَّهِ الَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ، فَقَالَ ﷺ: بَلَى قَدْ فَعَلْتَ، وَلَكِنْ قَدْ غُفِرَ لَكَ بِإِخْلَاصِ قَوْلِ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Екі кісі Алла елшісінің (с.а.с.) алдына дауласып келді. Алла елшісі талапкерден айғақ сұрады. Оның айғағы болмаған соң жауапкерге ант беруді бұйырды. Ол Өзінен басқа құдай жоқ Алланың атымен ант етті. Алла елшісі: “Сен тағылған істі істедің. Дегенмен ‘Лә иләһа иллаллаһ’ деген сөзді шын ықыласпен айтқаның үшін кешірілдің”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) жауапкердің көрінеу жалған ант бергенін уахи арқылы білген болса керек. Әдетте ол уахи күтпей, істің сыртқы жайына қарап үкім беретін. Бұл жолы жауапкердің жалған ант бергенін бетіне айтты. Демек, кей жағдайда үкімді уахиге сүйеніп берген. Осы оқиғада Алла елшісі жауапкердің жалған анттан тапқан күнәсі ант үстінде айтқан тәухид сөзінің берекесімен кешірілгенін білдірді. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, үлкен күнәлар тәухид сөзі арқылы кешірілуі мүмкін деген. Ахмад ибн Ханбалдың Ибн Омардан жеткізген риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамнан: “Пәлен істі сен істедің бе?” – деп сұрады. Ол: “Жоқ, Өзінен басқа құдай жоқ Алламен ант етемін, істемедім”, – деді. Алла елшісі Жәбірейілдің: “Ол сол істі істеді. Дегенмен ‘Алладан басқа құдай жоқ’ деген сөзі үшін Алла оны кешірді”, – деп хабар жеткізгенін айтты», – делінеді. Ибн Аббастан жеткен ұқсас риуаяттың соңында мынадай қосымша бар: «Жәбірейіл келіп, оның өтірік айтқанын әрі мойнында екінші адамның ақысы барын білдірді. Алла елшісі жауапкерге талапкердің ақысын өтеуді бұйырып, жалған антының кәффаратына Алладан басқа құдай жоқ екенін білуі немесе соған куәлік етуі жеткілікті екенін айтты».
Жалған ант беру – үлкен күнәлардың бірі. Бұл көптеген хадисте айтылған. Діни ұғымда мұны «ямин ғамус» дейді. Алла елшісі (с.а.с.) оны «мұсылманның мүлкін иемденуге себеп болатын ант» деп сипаттаған.
- 1Әбу Дәуіт, Әйман 16 (3275).