عَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: كُنْتُ رَدِيفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: يَا غُلَامُ! احْفَظِ اللَّهِ يَحْفَظْكَ، احْفَظِ اللَّهِ تَجِدْهُ تُجَاهَكَ، أَوْ قَالَ أَمَامَكَ، تَعَرَّفْ إِلَى اللَّهِ فِي الرَّخَاءِ يَعْرِفْكَ فِي الْشِّدَّةِ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللَّهَ تَعَالَى، وَإِذَا اِسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللَّهِ تَعَالَى، فَإِنَّ الْعِبَادَ لَوِ اجْتَمَعُوا عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَكْتُبْهُ اللَّهُ تَعَالَى لَكَ، لَمْ يَقْدِرُوا عَلَى ذَلِكَ، وَلَوِ اجْتَمَعُوا عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَكْتُبْهُ اللَّهُ تَعَالَى عَلَيْكَ، لَمْ يَقْدِرُوا عَلَى ذَلِكَ، جَفَّتِ الْأَقْلَامُ وَطُوِيَتِ الصُّحُفُ، فَإِنِ اسْتَطَعْتَ أَنْ تَعْمَلَ لِلَّهِ تَعَالَى بِالرَّضَا فِي الْيَقِينِ فَافْعَلْ، فَإِنْ لَمْ تَسْتَطِعْ فَإِنَّ فِي الصَّبْرِ عَلَى مَا تَكْرَهُ خَيْرًا كَثِيرًا، وَاعْلَمْ أَنَّ النَّصْرَ مَعَ الصَّبْرِ، وَأَنَّ الْفَرَجَ مَعَ الْكَرْبِ، وَأَنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا، وَلَنْ يَغْلِبَ عُسْرٌ يُسْرَيْنِ. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ بِهَذَا اللَّفْظِ، وَالتِّرْمِذِيُّ بِاخْتِصَارٍ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) артына мінгесіп келе жатқан едім. Ол маған: “Балам, Алланың әмірі мен тыйымын сақта, Алла да сені (дүние мен ақыретте) сақтайды. Алланың ақысына мұқият бол, сонда Оны алдыңнан (дүние мен ақыреттің жамандығынан қорғайтын пана ретінде) табасың. Рауи “қарсы алдыңнан” деген нұсқасын да жеткізген. Молшылықта Алланы таны, таршылықта Ол да сені таниды. (Дүние мен ақыретке қатысты) бір нәрсе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Адамдар Алла саған жазбаған пайданы тигізу үшін түгел жиналса да, қолдарынан келмейді. Алла саған жазбаған зиянды тигізу үшін жиналса да, оны істей алмайды. Қаламдардың сиясы кепті, парақтар бүктелді. Кәміл сеніммен, разы көңілмен Алла үшін амал жасауға шамаң жетсе, солай істе. Оған шамаң жетпесе, көңілің қаламаған нәрсеге сабыр етуде көп қайыр бар. Біліп қой, жәрдем сабырмен келеді, таршылықтың соңы – құтылу, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмайды”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисті түсінікті ету үшін түсіндірме сөздер мүмкіндігінше жақша ішінде берілді.
2. Хадистің соңындағы «Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмайды» деген сөзге тоқталайық. Бұл сөйлемнің мағынасы бірден ашыла қоймайды. Мұндағы «бір қиындық» пен «екі жеңілдік» нені білдіреді?
Ибн Кәсир «Инширах» сүресіндегі «Демек, әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар. Иә, рас, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар» деген аяттарды тәпсірлегенде Қатаданың түсіндірмесін келтіреді. Аяттарда қиындықты білдіретін الْعُسْرِ сөзі екі рет те ال артиклімен, белгілі түрде келген. Сондықтан ол екеуінде де бір қиындықты білдіреді. Ал жеңілдікті білдіретін يُسْرًا сөзі екі рет те артикльсіз, белгісіз түрде келгендіктен, екі жеңілдікті меңзейді. Демек, бір қиындыққа екі жеңілдік берілетіні айтылған. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): «Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмайды», – деп сүйіншілеген. Хасан Басридің мурсал риуаятында: «Бірде Алла елшісі жүзі жадырап, күлімдеп шықты да: ﴿فَإِنَّ مَعَ ٱلْعُسْرِ يُسْرًا إِنَّ مَعَ ٱلْعُسْرِ يُسْرًا﴾ “Расында, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар! Иә, сөзсіз, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар!”2, – деді», – делінеді.
Осыған қатысты Ибн Кәсир келтірген тағы бір риуаят бар. Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір үлкен тастың алдында отырған еді. Бір кезде: “Қиындық мына тастың ішіне кірсе, жеңілдік соңынан кіріп, оны ол жерден шығарар еді”, – деді. Сонда Алла Тағала ﴿فَإِنَّ مَعَ ٱلْعُسْرِ يُسْرًا إِنَّ مَعَ ٱلْعُسْرِ يُسْرًا﴾ “Расында, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар! Иә, сөзсіз, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар!”3 деген аяттарды түсірді».
Тағы бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Көктен келетін жәрдем көрген ауыртпалықтың шамасына қарай, ал сабыр түскен сынақтың шамасына қарай беріледі», – деген.
Олай болса, бұл аяттар мен хадистер мүмінге үміт беріп, табандылыққа үндейді. Басқа түскен қиындық пен сынақ қанша ауыр болса да, еңсе түсіріп, үміт үзуге негіз жоқ. Алла Тағала соған сай сабыр мен жәрдем беріп, бір қиындыққа екі жеңілдік нәсіп етеді. Сабыр мен табандылықтан айырылу адамды үмітсіздік пен жігерсіздікке бастайды.