Хадис

Кутуб ситтә, № 5852

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
953. Адамның әдебіне қатысты хадистер
Нөмірі
№ 5852 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 17
5852
Кутуб ситтә, № 5852 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَكْثَرِ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ النَّارَ؟ قَالَ: الْفَمُ، وَالْفَرْجُ؛ وَسُئِلَ عَنْ أَكْثَرِ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ؟ قَالَ: تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісінен (с.а.с.) адамды тозаққа ең көп түсіретін не деп сұрады. Ол: “Ауыз бен жыныс мүшесі”, – деді. Адамды жәннатқа ең көп кіргізетін не дегенде: “Тақуалық пен көркем мінез”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте адамды ақыретте құтқаратын және пәлеге ұрындыратын басты себептерді атаған. Аз сөзге көп мағына сыйғызған Пайғамбарымыз осы маңызды жайттарды баршаға ұғынықты етіп жеткізген.

Жәннатқа жетелейтін екі қасиет

1) Тақуалық. Ол – парыздарды орындап, харамнан сақтану. Тақуалықтың дәрежелері бар. Ең төменгісі – ширктен бойды аулақ ұстау.

2) Көркем мінез. Мұның ең әуелгі көрінісі – жұртпен жақсы қарым-қатынас. Абдулла ибн әл-Мубарак оны «жылы жүз, мол жақсылық және өзгеге зиян келтірмеу» деп сипаттаған. Ахмад ибн Ханбал: «Ашуға берілмеу, кек сақтамау, адамдардан көрген ауыртпалыққа төзу», – деген. Кей ғалымдар көркем мінездің ең төменгі дәрежесі – өзгеге жапа шектірмеу, ең биігі – өзіне жамандық жасағанға да жақсылық жасау деген.

Тиби: «Тақуалық – құлдың Жаратушымен қатынасының көркемдігі. Ол Алланың әмірін орындап, тыйымынан сақтанады. Көркем мінез – құлдың адамдармен жақсы қарым-қатынасы. Осы екі қасиет жәннатқа жетелейді», – дейді. Оларға қарама-қарсы мінездер адамды тозаққа бастайды.

Осы екі қасиетке қарсы қойылып, ауыз бен жыныс мүшесі аталған. Ауыз дегенге тіл де кіреді. Тілін тыю адамды дінінде сақтайды, ал адал ас ішу – тақуалықтың бастауы. Жыныс мүшесін күнәдан сақтау – діндарлықтың биік дәрежесі. Алла құтылған мүміндердің қасиеттерін атағанда ﴿وَٱلَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَٰفِظُونَ﴾ «Олар – абиырларын күнә атаулыдан барынша сақтайтындар» деген. Ислам ғалымдары бұл құмарлық бойды билегенде адамның ақылға ең аз құлақ асатынына назар аударған. Мүмкіндігі бола тұра Алладан именіп зинадан тыйылған адам биік дәрежеге жетеді. Алла Тағала: ﴿وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِۦ وَنَهَى ٱلنَّفْسَ عَنِ ٱلْهَوَىٰ ۝ فَإِنَّ ٱلْجَنَّةَ هِىَ ٱلْمَأْوَىٰ﴾ «Ал кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақырында барып паналайтын жері жаннат болмақ!»2, – дейді.

Хадис мәңгілік бақытқа жетелейтін басты себептер тақуалық пен көркем мінездің ұштасуы екенін аңғартады. Ал ауыз бен жыныс мүшесін күнәдан тыймау адамды мәңгілік сорға ұрындырады.

  1. 1Тирмизи, Бирр 62 (2005).
  2. 2Назиат, 40.