Хадис

Кутуб ситтә, № 5867

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
953. Адамның әдебіне қатысты хадистер
Нөмірі
№ 5867 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 32
5867
Кутуб ситтә, № 5867 · тараудағы реті: 32Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يُلْدَغُ الْمُؤْمِنُ مِنْ جُحْرٍ مَرَّتَيْنِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мүмін бір іннен екі рет шақтырмайды”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алдыңғы хадис мүміннің қулық ойламайтынын, ешкімнің ішкі ниетін тіміскілеп іздемей, сыртқы ісіне қарай бағалайтынын аңғартады. Ол үшін ақ ниет, ізгілікке құштарлық, биязылық қажет. «Ақкөңіл» осы мағыналарды береді. «Ғирр» сөзі кейде аңғал, тез алданатын кісіге де айтылады. Мұнда оны сол мағынада ұғынуға болмайды. Келесі хадис мүміннің көзі ашық, сергек, сақ болғанын қалайды. Бір жыланға екі рет шақтырмауды мысал етеді. Демек, ақкөңілділік пен сергектік қатар жүруге тиіс. Өзгеге жамандық ойламай, көңілді таза сақтай отырып, келер зияннан сақтану керек.

Хаттаби хадистің хабар түрінде айтылғанымен, бұйрық мағынасын білдіретінін көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылманды дүние ісінде де, дін ісінде де сергек, мұқият, табанды болуға, ғапылдыққа салынып қайта-қайта алданбауға үндеген.

Кейбір ғалымдар хадисті: «Кісі күнә жасап, жазасын осы дүниеде тартса, ақыретте сол күнәсі үшін қайта жазаланбайды», – деп түсіндірген.

Басқа ғалымдар: «Мұндағы мүмін – кемел мүмін. Ол танымының арқасында оқиғаның мәніне үңіліп, боларын күні бұрын болжап, сақтық жасайды. Бұлай істей алмаған ғапыл адам бірнеше рет опық жейді», – деген.

Кейбір ғалымдар мұны былай түсіндірген: «Алланың разылығы үшін ғана ашуланатын берік мінезді мүмін залымның озбырлығына көз жұма қарамайды. Ол мұндайда босаңдық танытпай, зұлымдыққа қарсы тұрады». Айша (р.а.): «Алла елшісі өз басы үшін кек алған емес. Алланың тыйымдары бұзылғанда ғана Алла үшін қарсы тұрған», – дейді. Кей ғалымдар бұл хадиске сүйеніп, ұстамдылықтың да жомарттық тәрізді әр жағдайда бірдей мақтала бермейтінін айтқан. Раббымыз сахабаларды: ﴿أَشِدَّآءُ عَلَى ٱلْكُفَّارِ رُحَمَآءُ بَيْنَهُمْ﴾ «кәпірлерге тым қатал, ал өзара сондай мейірбан»2, – деп сипаттаған.

Ғалымдар ұсынған осы түсіндірмелерді өз дәуірі мен жағдайына қарай бағаласақ, әрқайсының өзіндік негізі барын аңғарамыз.

  1. 1Бұхари, Әдәб 83; Мүслим, Зуһд 63 (2998); Әбу Дәуіт, Әдәб 34 (4862).
  2. 2Фатх, 29.