Хадис

«Хужурат» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 98-тарау · 5 хадис · № 790–794

Хадистер

790
Кутуб ситтә, № 790 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَدِمَ رَكْبٌ مِنْ بَنِي تَمِيمٍ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَمِّرِ الْقَعْقَاعَ بْنَ مَعْبَدِ بْنِ زُرَارَةَ؛ وَقَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَمِّرِ الْأَقْرَعَ بْنَ حَابِسٍ. قَالَ أَبُو بَكْرٍ: مَا أَرَدْتَ إِلَّا خِلَافِي. وَقَالَ عُمَرُ: مَا أَرَدْتُ خِلَافَكَ، فَتَمَارَيَا حَتَّى ارْتَفَعَتْ أَصْوَاتُهُمَا. فَنَزَلََ قَوْلُهُ تَعَالَى: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَىِ اللَّهِ وَرَسُولِهِ إِلَى قَوْلِهِ لَا تَرْفَعُوا أَصْوَاتَكُمْ حَتَّى انْقَضَتْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла Ибн Зубәйір (р.а.) былай дейді: «Тәмимұлдары тайпасынан бір топ аттылы Алла елшісінің (с.а.с.) қасына келді. Әзірет Әбу Бәкір: “Оларға Қағқағ ибн Мағбадты басшы етіп тағайындаңыз”, – деді. Омар (р.а.) Ақрағ ибн Хабисті басшы етуге ұсыныс айтты. Әзірет Әбу Бәкір әзірет Омарға: «Сен маған қарсы шығуды көздедің!» – деді. Әзірет Омар (р.а.): «Жоқ, саған қарсы шығуды ойламадым!» – деді. Бір-бірін айыптап, дауыстарын көтерді. Осыған байланысты ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تُقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَىِ ٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ۝ يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَرْفَعُوٓا۟ أَصْوَٰتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ ٱلنَّبِىِّ وَلَا تَجْهَرُوا۟ لَهُۥ بِٱلْقَوْلِ كَجَهْرِ بَعْضِكُمْ لِبَعْضٍ أَن تَحْبَطَ أَعْمَٰلُكُمْ وَأَنتُمْ لَا تَشْعُرُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Алланың және Расулының алдына түспеңдер! Аллаға қарсы келуден қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим (бәрін білуші). Уа, иман келтіргендер! Дауыстарыңды пайғамбардың дауысынан қатты шығармаңдар, әрі оған тіл қатқанда, бір-біріңе дауласып сөйлегендей дауыстап сөйлемеңдер! Әйтпесе, істеген игі істеріңнің зая кеткенін сезбей қаласыңдар»1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Аудармада «алдына шығу» деп аударылған сөздің мағынасы «ешбір нәрсені, ешбір әмірді, өздеріңді де, басқасын да Алланың және Оның Елшісінің алдына шығармаңдар» дегенді білдіреді. Бұл мағынаны түсіну үшін мына аяттың аудармасын еске түсірейік: ﴿وَمَا كَانَ لِمُؤْمِنٍ وَلَا مُؤْمِنَةٍ إِذَا قَضَى ٱللَّهُ وَرَسُولُهُۥٓ أَمْرًا أَن يَكُونَ لَهُمُ ٱلْخِيَرَةُ مِنْ أَمْرِهِمْ وَمَن يَعْصِ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ فَقَدْ ضَلَّ ضَلَٰلًا مُّبِينًا﴾ «Алла және Елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда, бірде-бір мүмін ер мен мүмін әйелдің өздеріне тікелей қатысы болған сол мәселеде таңдау құқығы жоқ. Кімде-кім Аллаға және Елшісіне қарсы келіп, асылық қылса, онда ол анық адасушылыққа ұрынды деген сөз»3.

Олай болса, Алланы және Оның Елшісін сынау немесе олардың сөзіне кереғар кез келген әрекет, пікір, болжам, ұсыныс аталмыш аяттағы тыйымды бұзады, Алла Тағаланың сөзімен айтқанда, «Алланың және Оның Елшісінің алдына шығады».

Мұндай әрекеттің нәтижесі бір мүмін үшін орасан зор қасірет, яғни «істеген игі істерінің зая кеткені...»

Аятта бұл нәтиже «байқамастан» сөзімен берілген, яғни Алланың және Оның Елшісінің алдына шыққан кезде, байқамастан істеген игі істері зая кетеді. Осы мәселеге тәпсіршілер ерекше назар аудартады. Себебі кейбір адамдар бар: біле тұра бидғаттарға, діни әмірлерге мән бермейді. Оның игі істері біле тұра зая болуда деген сөз, яғни ол ашықтан-ашық күпірлікке кіріп жатыр. Алайда кейбіреулері бар: надандығынан, салғырттығынан, діни мәселелерге мән бермеуінен сөздері мен іс-әрекеттерінің салдары не болатынын аңғара алмағандықтан, істеп жүргендерін діндарлық деп ойлап, қателікке ұрынады және амалдары зая кеткенін сезбей қалады.

Олай болса аят мүміндерді діни мәселелерге мән беруге, ұқыптылыққа, мұқияттылыққа, ілімге, зерттеуге ынталандырады.

Осыған байланысты ардақты ата-бабаларымыз әрбір мәселеде әуелі аят пен хадистің не дейтінін іздеп, олардан бір түсіндірме немесе ишарат табатын болса, соның аясынан шықпаған.

Аяттың түсуіне әртүрлі оқиғалар себеп ретінде көрсетілген. Аталмыш риуаят пайғамбар құзырында әзірет Омар мен әзірет Әбу Бәкірдің сөз таластырғанын көрсетеді. Риуаят бойынша, әзірет Омар уахи келгеннен кейін «амалым зая кетеді» деп қорқып Расулалланың жанында сыбырлағандай болып сөйлеген, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Не айтып жатырсың?» деп сұрамайынша дауысын көтермейтін.

Ғалымдар осыған қарап үлкен кісілердің, ғалымдардың құзырында олар сөйлемей тұрып, сұрамай жатып сөйлемеу керектігін Ислами әдеп деп таныған.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 1-2-аяттар
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хужурат», 1–2, «Мағази», 67, «Иғтисам», 5. Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3266, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3262). Нәсәи, «Қаза», 6 (8-т., 226-б.).
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 36-аят
791
Кутуб ситтә, № 791 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Бәра (р.а.)

وَعَنِ البَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِنَّ الَّذِينَ يُنَادُونَكَ مِنْ وَرَاءِ الْحُجُرَاتِ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ؛ قَالَ قَامَ رَجُلٌ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَنَّ حَمْدِى زَيْنٌ، وَذَمِّى شَيْنٌ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ذَاكَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) «Расында, саған (жұбайларың тұратын) бөлмелердің сыртынан айқайлап үн қататындарға келсек, олардың көбі (дінді әлі толық меңгермеген, жөн білмейтін) ақыл-парасаттан жұрдай адамдар»1 деген аятқа қатысты былай деген: «Бір адам орнынан тұрып: “Уа, Расулалла, менің мақтауым абырой әпереді, ал жамандауым абыройдан айырады”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ол тек Аллаға тән”, – деп жауап берді».2

Түсіндірме

Риуаятта мәселе өте қысқа берілген. Оқиға былай болған: №790 хадисте түсіндіргеніміздей, «Хужурат» сүресі Алла елшісінің (с.а.с.) құзырындағы әдепті орнықтырған. Алғашқы аяттардың түсуіне әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар арасында болған тартыс себеп ретінде көрсетілген. Тартысқа Тәмимдік топқа басшы тағайындау ісі түрткі болған.

Міне, «Хужурат» сүресінің төртінші аятының түсуіне осы топтың әрекеттері себеп болған. Риуаят бойынша, олар (70–80 кісілік топ) түс мезгілінде келеді де, мешітке кіреді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайлула деп аталатын түскі ұйқыда еді. Олар: «Уа, Мұхаммед, жанымызға кел, айтысайық!» – деп айқайлайды. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) у-шудан оянып, сыртқа шығады. Топтың ішіндегі Ақрағ ибн Хабис: «Уа, Мұхаммед, менің мақтауым – «зәйн», жамандауым – «шәйн», – дейді (Яғни мен кімді мақтасам, бұным оны әсемдейді, осылайша мерейі үстем болады, абыройы артады, ал кімді жамандасам, бұным оны жиіркенішті етеді, беделін түсіреді). Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құрып кеткір (қандай жаман сөйледің), бұлай жасау Аллаға тән, Оның мақтағанының мерейі үстем болады, жамандағанының беделі түседі», – деді.

Олар Пайғамбарымызға «айтысайық» деп ұсыныс тастады. Айтысу – жаһилият дәуіріндегі бір салт еді. Екі жақ ақындарын, шешендерін шығарып, сөз жарыстыратын. Жеңгендерге сый-сияпат берілетін. Жеңіс тек ақынмен, шешенмен шектелмей, олардың руының да жеңісі болып табылып, олардың абырой-беделін асыратын, сонымен мақтанатын.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен өлең айту үшін жіберілмедім, айтысуға әмір алмадым!» деп жауап берсе де, олар: «Жарайды!» – дейді. Осы кезде жиналған жұрттың алдында мешітте айтысады. Әуелі тәмимдіктер, кейін мұсылмандар құтбалар айтып, өлеңдер оқыды. Алла елшісінің (с.а.с.) атынан құтбаны Сәбит ибн Қайс, өлеңді Хассан ибн Сәбит (р.а.) оқыды.

Нәтижесінде тәмимдіктер атынан Ақрағ ибн Хабис: «Уаллаһи, түсіне алмадым, бұл қалай болды? Құтбашымыз құтба оқыды, бірақ олардікі құтбаны одан әдемі етіп оқыды. Ақынымыз өлең оқыды, олардікі өлеңді одан әдемі етіп шығарды. (Бұл дін ақиқат болса керек)», – деді де, Расулаллаға (с.а.с.) жақындап: «Куәлік етемін: Алладан басқа құдай жоқ, сен де Алла елшісісің!» – деді.

Жоғарыдағы риуаят сол оқиғада болған әңгімеден бір көріністі баяндайды.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 4-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3267, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3264).
792
Кутуб ситтә, № 792 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي نَضْرَةَ قَالَ: «قَرَأَ أَبُو سَعِيدٍ الْخُدْرِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ؛ وَاعْلَمُوا أَنَّ فِيكُمْ رَسُولَ اللَّهِ لَوْ يُطِيعُكُمْ فِي كَثِيرٍ مِنَ الْأَمْرِ لَعَنِتُّمْ وَلَكِنَّ اللَّهَ حَبَّبَ إِلَيْكُمُ الْإِيمَانَ. قَالَ هَذَا نَبِيُّكُمْ ﷺ يُوحَى إِلَيْهِ، وَخِيَارُ أَئِمَّتِكُمْ لَوْ أَطَاعَهُمْ فِي كَثِيرٍ مِنَ الْأَمْرِ لَعَنِتُوا. فَكَيْفَ بِكُمُ الْيَوْمَ؟» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Надра былай дейді: «Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): ﴿وَٱعْلَمُوٓا۟ أَنَّ فِيكُمْ رَسُولَ ٱللَّهِ لَوْ يُطِيعُكُمْ فِى كَثِيرٍ مِّنَ ٱلْأَمْرِ لَعَنِتُّمْ وَلَٰكِنَّ ٱللَّهَ حَبَّبَ إِلَيْكُمُ ٱلْإِيمَٰنَ وَزَيَّنَهُۥ فِى قُلُوبِكُمْ وَكَرَّهَ إِلَيْكُمُ ٱلْكُفْرَ وَٱلْفُسُوقَ وَٱلْعِصْيَانَ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلرَّٰشِدُونَ ۝ فَضْلًا مِّنَ ٱللَّهِ وَنِعْمَةً وَٱللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ﴾ «Ендеше, біліп қойыңдар, араларыңда Алла елшісі бар! Егер ол көп істерде сендердің ыңғайларыңа жығылып, айтқандарыңмен жүргенде, шүбәсіз, қиындыққа тап болар едіңдер. Алайда Алла сендерге иманды сүйгізіп, оны жүректеріңде безендірді. Әрі сендерді күпірліктен, күнәһарлықтан, асылықтан жирендірді. Түзу жандар, міне, солар! Міне, бұл – Алланың шарапаты һәм нығметі. Алла – Алим (бәрін білуші), Хаким (асқан даналық иесі)!»1 деген аятты оқып, былай деді: «Міне, пайғамбарларыңа (с.а.с.) уахи түсіп тұрды. Ал ол көп істе сендердің ең ізгі басшыларыңның айтқанына ергенде, олар қиындыққа тап болар еді. Ал бүгін сендердің жағдайларың қалай болмақ?»2

Түсіндірме

Алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі – Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) өзін тыңдап тұрған табиғиндерге Құран мен сүннетке барынша бойсұну керектігін Расулаллаға (с.а.с.) айтылған бір аятты дәлел ретінде келтіріп айтпақшы болған.

Аят Алла елшісі ең ізгі ұрпақ деп мақтаған сахабаларға бірталай мәселеде бойсұнуды Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен мұсылмандар үшін бәлеге қалу болып көрсетілген. Шындығында, бұл – уахи келген не уахи келуі мүмкін мәселелерде еді. Өйткені Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәдір тұтқындарына не істеу керектігі жайында сахабалармен ақылдасқан еді, шыққан шешімге байланысты қатты ескерту алды.

Әбу Саид әл-Худри (р.а.) өзін тыңдағандарға ең жақсы ұрпаққа бойсұну осындай қатерлі болуы мүмкін болса, сахабадан кейін келген ұрпаққа бойсұнудың одан қатерлі болуы мүмкіндігіне назар аудартады.

Олай болса, осы риуаят та діни мәселелерде аят пен хадиске қарай әрекет ету керектігі мүмін үшін ең дұрыс жол екенін айтады.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 7-8-аяттар
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3269, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3265).
793
Кутуб ситтә, № 793 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ أَبِي جَبِيرَةِ بْنِ الضَّحَّاكِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فِينَا بَنِي سَلَمَةَ نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ، قَدِمَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَلَيْسَ فِينَا رَجُلٌ إِلَّا وَلَهُ اسْمَانِ أَوْ ثَلَاثَةٌ. فَجَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: يَا فُلَانُ. فَيَقُولُونَ لَهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ يَغْضَبُ مِنْ هَذَا الِاسْمِ. فَنَزَلَتْ: وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ» أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Жәбира ибн әд-Даххак (р.а.) былай дейді: «Бұл аят біз, Сәләма ұрпақтары жайлы түсті. Ол былай болды: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге келген кезде, әркімнің екі не үш аты бар еді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол есімдердің біреуімен: «Уа, пәленше!» деп біреуді шақырған кезде, оған: «Уа, Алла елшісі! Ол осы атпен шақырылса, ашуланады», – деп ескертетін. Міне, осыған байланысты ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَىٰٓ أَن يَكُونُوا۟ خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلَا نِسَآءٌ مِّن نِّسَآءٍ عَسَىٰٓ أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ وَلَا تَلْمِزُوٓا۟ أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا۟ بِٱلْأَلْقَٰبِ بِئْسَ ٱلِٱسْمُ ٱلْفُسُوقُ بَعْدَ ٱلْإِيمَٰنِ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلظَّٰلِمُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды мазақтап келемеждемесін! Бәлкім, мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы болар. Әрі әйелдер де өзге әйелдерді мазақтап келемеждемесін! Бәлкім, мазаққа ұшыраған әйелдер өздерін мазақ қылған әйелдерден анағұрлым қайырлы болар. Бір-біріңді кемсітпеңдер! Біріңді-бірің намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар. Адам баласының иман келтіргеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман! Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне, солар нағыз залымдар!»1 деген аят түсті».2

Түсіндірме

Аят мүміндердің ат қою әдебін белгілеген және бір мүміннің басқа мүмінді ұнамсыз атпен немесе лақаппен шақырмау керектігін бұйырған. Бір мәселені әйелдер үшін тағы бір мәрте қайталауы мәселенің маңызын білдіреді.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 11-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3268, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3264). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 71 (№4962).
794
Кутуб ситтә, № 794 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا. قَالَ: الشُّعُوبُ الْقَبَائِلُ الْكِبَارُ الْعِظَامُ، وَالْقَبَائِلُ: الْبُطُونُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік»1 аятында берілген «шуғуб» сөзі ірі тайпалық бірлестіктерді, «қабаил» олардың құрамындағы ру-тайпаларды білдіреді деп түсіндірді.

Түсіндірме

Аят бойынша, ешбір ұлт «басқалардан абзалмыз» деп айта алмайды. Ұлтшылдық мәселесі – барлық дәуірлерде өте қатыгез зұлымдықтардың жасалуына, бейкүнә жандардың қанының нақақтан-нақақ төгілуіне себеп болған. Қазіргі уақытта да осы мәселе өзінің өзектілігін жойған жоқ.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 13-аят