Хадис

Кутуб ситтә, № 791

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
98. «Хужурат» сүресі
Нөмірі
№ 791 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
791
Кутуб ситтә, № 791 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Бәра (р.а.)

وَعَنِ البَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِنَّ الَّذِينَ يُنَادُونَكَ مِنْ وَرَاءِ الْحُجُرَاتِ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ؛ قَالَ قَامَ رَجُلٌ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَنَّ حَمْدِى زَيْنٌ، وَذَمِّى شَيْنٌ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ذَاكَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) «Расында, саған (жұбайларың тұратын) бөлмелердің сыртынан айқайлап үн қататындарға келсек, олардың көбі (дінді әлі толық меңгермеген, жөн білмейтін) ақыл-парасаттан жұрдай адамдар»1 деген аятқа қатысты былай деген: «Бір адам орнынан тұрып: “Уа, Расулалла, менің мақтауым абырой әпереді, ал жамандауым абыройдан айырады”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ол тек Аллаға тән”, – деп жауап берді».2

Түсіндірме

Риуаятта мәселе өте қысқа берілген. Оқиға былай болған: №790 хадисте түсіндіргеніміздей, «Хужурат» сүресі Алла елшісінің (с.а.с.) құзырындағы әдепті орнықтырған. Алғашқы аяттардың түсуіне әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар арасында болған тартыс себеп ретінде көрсетілген. Тартысқа Тәмимдік топқа басшы тағайындау ісі түрткі болған.

Міне, «Хужурат» сүресінің төртінші аятының түсуіне осы топтың әрекеттері себеп болған. Риуаят бойынша, олар (70–80 кісілік топ) түс мезгілінде келеді де, мешітке кіреді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайлула деп аталатын түскі ұйқыда еді. Олар: «Уа, Мұхаммед, жанымызға кел, айтысайық!» – деп айқайлайды. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) у-шудан оянып, сыртқа шығады. Топтың ішіндегі Ақрағ ибн Хабис: «Уа, Мұхаммед, менің мақтауым – «зәйн», жамандауым – «шәйн», – дейді (Яғни мен кімді мақтасам, бұным оны әсемдейді, осылайша мерейі үстем болады, абыройы артады, ал кімді жамандасам, бұным оны жиіркенішті етеді, беделін түсіреді). Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құрып кеткір (қандай жаман сөйледің), бұлай жасау Аллаға тән, Оның мақтағанының мерейі үстем болады, жамандағанының беделі түседі», – деді.

Олар Пайғамбарымызға «айтысайық» деп ұсыныс тастады. Айтысу – жаһилият дәуіріндегі бір салт еді. Екі жақ ақындарын, шешендерін шығарып, сөз жарыстыратын. Жеңгендерге сый-сияпат берілетін. Жеңіс тек ақынмен, шешенмен шектелмей, олардың руының да жеңісі болып табылып, олардың абырой-беделін асыратын, сонымен мақтанатын.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен өлең айту үшін жіберілмедім, айтысуға әмір алмадым!» деп жауап берсе де, олар: «Жарайды!» – дейді. Осы кезде жиналған жұрттың алдында мешітте айтысады. Әуелі тәмимдіктер, кейін мұсылмандар құтбалар айтып, өлеңдер оқыды. Алла елшісінің (с.а.с.) атынан құтбаны Сәбит ибн Қайс, өлеңді Хассан ибн Сәбит (р.а.) оқыды.

Нәтижесінде тәмимдіктер атынан Ақрағ ибн Хабис: «Уаллаһи, түсіне алмадым, бұл қалай болды? Құтбашымыз құтба оқыды, бірақ олардікі құтбаны одан әдемі етіп оқыды. Ақынымыз өлең оқыды, олардікі өлеңді одан әдемі етіп шығарды. (Бұл дін ақиқат болса керек)», – деді де, Расулаллаға (с.а.с.) жақындап: «Куәлік етемін: Алладан басқа құдай жоқ, сен де Алла елшісісің!» – деді.

Жоғарыдағы риуаят сол оқиғада болған әңгімеден бір көріністі баяндайды.

  1. 1«Хужурат» сүресі, 4-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хужурат» (№3267, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3264).