Хадис

Жаңбыр дұғасы

Муатта, 14-кітап · 6 хадис · № 1–6

1-бапЖаңбыр дұғасында жасалатын істер

1
Муатта, 14-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Зәйд әл-Мәзини былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) жаңбыр жаууын тілеп дұға ету үшін намазға шықты. Құбылаға бұрылған кезде шапанын теріс айналдырған еді1».

Имам Мәликтен жаңбыр дұғасында оқылатын намаздың қанша рәкағат екені сұралғанда: «Екі рәкағат», – деді және мыналарды да қосты: «Имам құтбадан бұрын екі рәкағат намаз оқытады, содан кейін орнынан тұрып, шапанын теріс айналдырады да, құбылаға қарап дұға ете бастайды. Намазды дауыстап оқиды. Шапанын теріс айналдырған кезде оң жағы солға, сол жағы оңға қаратылады. Жамағат та дәл солай істейді. Сосын жүздерін құбылаға қаратып отырады2».

  1. 1Бұхари, «Истисқа», 15/4; Муслим, «Салат әл-истисқа», 9/1.
  2. 2Шәйбани, 294. Ханафи мәзһабы бойынша, жаңбыр дұғасының намазы жұма намазы сияқты оқылады: екі рәкағат намаздан кейін құтба оқылады. Содан соң жаңбыр тілеп дұға етіледі.

2-бапЖаңбыр дұғасына қатысты өзге риуаяттар

2
Муатта, 14-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайбтан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) жаңбыр дұғасына шыққан кезде былай дұға ететін: «Уа, Алла! Құлдарыңа және жануарларға жаңбыр бер. Рақымыңды жан-жаққа жай, өлі жерлеріңді тірілт1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мәлик бұл хадисті Яхия – Амр тізбегімен мүрсал түрінде риуаят еткен». Басқалары оны Яхия – Амр ибн Шуғайб – оның әкесі – оның атасы тізбегімен мүснад түрінде жеткізген. Солардың бірі – Сәури. Әбу Дәуіт, «Салат әл-истисқа», 3/2.
3
Муатта, 14-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай деп баяндайды: «Бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Расулалла! Жануарлар ана жақта аштықтан қырылып жатыр, жолдардан құс ұшпайтын, керуен өтпейтін болды. Дұға етіңіз, енді жаңбыр жаусын!” – деп өтінді. Сонда Пайғамбарымыз дұға етті, келесі жұмаға дейін жаңбыр жауды. Келесі жұмада тағы бір адам келіп, Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Расулалла! Жаңбырдан үйлер құлады, жолдар жүруге келмейтін болды, жануарлар жайылымға бара алмағандықтан аштықтан қырылып жатыр!” – деді. Осы жағдайға байланысты Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Жаңбырды таулардың, төбелердің үстіне, аңғарлардың ішіне және орманды жерлерге бағытта”, – деп дұға етті. Сонда жаңбыр, үстен киімді шешкендей, Мәдинадан дереу сейілді1».

Имам Мәликтен: «Жаңбыр дұғасы намазына үлгере алмай, құтбаға үлгерген және осы намазды оқығысы келген адам намазды үйінде оқуы керек пе, әлде мешітте оқуы керек пе?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Қалаған жерінде оқи алады, сондай-ақ қаламаса, оқымаса да болады», – деп жауап берді.

  1. 1Бұхари, «Истисқа», 15/6; Муслим, «Салат әл-истисқа», 9/8.

3-бапЖұлдыздардан жаңбыр тілеу

4
Муатта, 14-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Халид әл-Жүһәни былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) Худайбияда түнде жаңбыр жауып өткеннен кейін бізге таң намазын оқытты. Намаздан кейін жамағатқа бұрылып: “Раббыларың не деді, білесіңдер ме?” – деп сұрады. Жамағат: “Алла және Оның елшісі жақсырақ біледі!” – деп жауап бергенде, Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізді: “Құлдарымның бір бөлігі Маған иман келтірген күйде, бір бөлігі Мені теріске шығарған күйде таң атырды. ‘Алланың кеңшілігі мен рақымымен бізге жаңбыр жауды’ дегендер – Маған иман келтіріп, жұлдыздардың құдіретін теріске шығарғандар. Ал ‘бәлен-бәлен жұлдыз бізге жаңбыр жаудырды’ дегендер – Мені теріске шығарып, жұлдызға иман келтіргендер1”».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/156; Муслим, «Иман», 1/125.
5
Муатта, 14-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйыратын: “Теңіз жақтан бұлт көрініп, Шам тарапына қарай бет алса, жаңбыры мол болады”».

6
Муатта, 14-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра былай деп баяндайды: «Таңертең тұрғанымызда жаңбыр жауған болса: “Раббымыз бізге жаңбыр жіберді”, – дейтінмін және мына аятты оқитынмын: “Егер Алла адамдар үшін рақым қазынасын айқара ашатын болса, онда Оның рақымына ешкім тосқауыл болып, ұстап қала алмайды. Ал ұстап қалғанын Өзінен басқа ешкім жібере алмайды. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық), Хаким (асқан даналық Иесі)1”».

  1. 1«Фатыр» сүресі, 35/2.