Хадис

Муатта, № 1

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
16. Құран кәрім
бап
1. Құран кәрімге қол тигізетін адамның дәретті болуы
Нөмірі
№ 1 (кітап ішіндегі рет реті)
1
Муатта, 16-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкір ибн Хазмнан риуаят етіледі: Алла елшісінің (с.а.с.) Амр ибн Хазмға жазған хатында былай делінген еді: «Құран кәрімге тек таза адамдар ғана қол тигізе алады1».

Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Дәреті жоқ адам мұсхафқа оның қабы арқылы да, қолына бір нәрсені қап ретінде киіп алып та қол тигізе алмайды. Мұның себебі дәретсіз қол тигізгенде Құранды кірлетіп қою ықтималдығында емес. Егер дәретсіз адамның Құранды осылай ұстауы жаиз болса, оны сыртынан қапқа салып алып жүруі де құп көрілер еді. Дәретсіз адамның мұсхафты ұстауы Құран кәрімге құрмет пен тағзым ету үшін құп көрілмеген».

Имам Мәлик тағы былай дейді: «“Оны таза жандардан өзгелер ұстай алмайды!” (“Уақиға”, 56/79) деген аят Алла Тағаланың “Абәсә” сүресіндегі мына сөздерімен мағыналас: “Жо-жоқ! Расында, ол (Құран) – тұнып тұрған насихат һәм ескерту! Енді қалаған жан оған ой жүгіртіп, ғибрат алар. Ол сондай қасиетті парақтарға жазылған: Сондай ұлы һәм пәк парақтар. Елші періштелердің қолымен жазылған, аса ардақты, ізгі періштелердің” (“Абәсә”, 80/11–16)2».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мәликтен жеткен бұл хадистің мүрсал екені жөнінде қайшылық жоқ. Сенімді жолмен мүснад түрінде де риуаят етілген. Бұл хат сира ғалымдарына мәлім, білім иелері арасында иснадын келтірмей-ақ танылатын дәрежеде кең тараған».
  2. 2Шәйбани, 297.