Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) қабірстанға барған кезде: “Уа, қабірстанда жатқан мүміндер! Сендерге сәлем болсын! Алла қаласа, біз де сендерге қосыламыз”, – деді1 де, сөзін жалғастырды: “Бауырларымызды көруді қатты қалар едім”. Сонда сахабалар: “Уа, Расулалла! Біз сенің бауырларың емеспіз бе?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Жоқ, сендер сонымен бірге менің сахабаларымсыңдар. Ал бауырларым әлі келген жоқ. Мен оларды ақыретте хауыздың басында күтемін”, – деп бұйырды.
Ардақты сахабалар: “Уа, Расулалла! Үмбетіңнен өзіңнен кейін келетіндерді қалай танисың?” – дегенде, ол: “Айтыңдаршы! Бір адамның қара жылқылардың арасында маңдайы мен үш аяғы ақ бір аты болса, оны танымай ма?” – деп сұрады. Олар: “Әрине, таниды, уа, Расулалла!” – деп жауап берді. Ардақты Пайғамбар: “Міне, олар да қиямет күні дүниеде алған дәреттерінің арқасында маңдайлары нұрдай жарқырап келеді. Мен олардан бұрын барып, хауыздың басында күтемін. Алайда кейбір адамдар менің хауызымнан иесіз түйелер секілді қуылады. Мен оларға: ‘Әй! Келіңдер, келіңдер, келіңдер!’ – деп дауыстаймын. Сол кезде: ‘Бұлар сенен кейін діндеріндегі көп нәрсені өзгертті2’, – делінеді. Сонда мен: ‘Ендеше, менен аулақ болсын! Аулақ болсын! Аулақ болсын!’ – деймін”, – деп бұйырды3».
- 1Ардақты Елші «Алла қаласа, біз де сендерге қосыламыз» деген сөзін бұған күмәнданғандықтан айтпаған. Ол Алла Тағаланың: «Еш нәрсе жайында “Алла қаласа” демей, “Мұны ертең істеймін” деме», – деген бұйрығына сай айтқан («Кәһф» сүресі, 24-аят).
- 2«Діндеріндегі көп нәрсені өзгертті» деген сөз «сүннетіңді тастап, бидғат пен Алла разы болмайтын істерді істеді» дегенді білдіреді.
- 3Муслим, «Таһарат», 2/39.