Руқайштың ұлы Абдуррахманның ұлы Сағид былай деп баяндайды: «Әнәс ибн Мәликтің Құбаға1 келгенін көрдім. Ол кіші дәретін сындырды. Содан кейін дәрет алуы үшін су әкелінді. Ол дәрет алды: жүзін жуды, қолдарын шынтақтарына дейін жуды, басына және мәсілерінің үстінен мәсіх тартты. Содан кейін мешітке кіріп, намаз оқыды».
Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Бір адам дәрет алғаннан кейін дәретін бұзып, мәсілерін шешсе, кейін қайта кисе, жаңадан дәрет алған кезде олардың үстінен мәсіх тарта ала ма?” – деп сұралды. Имам Мәлик: “Мәсілерін шешсін, аяқтарын жусын. Тек аяқтарын жуып дәрет алғаннан кейін мәсілерін киген адам ғана олардың үстінен мәсіх тарта алады. Дәрет алған кезде аяқтарын жумай мәсілерін киген адам мәсіх тарта алмайды”, – деді.
Имам Мәликтен тағы да: “Бір адам дәрет алып, аяқтарына киген мәсілерінің үстінен мәсіх тартуды ұмытып, намаз оқығаннан кейін есіне түссе, не істеуі керек?” – деп сұралды. Имам Мәлик: “Мәсілерінің үстінен мәсіх тартсын да, намазын қайта оқысын. Дәретін қайта алудың қажеті жоқ”, – деді. Имам Мәликтен: “Бір адам аяқтарын жуып, мәсілерін кисе, кейін дәрет алған кезде не істеуі керек?” – деп сұрағанда, ол: “Мәсілерін шешсін, дәрет алсын және аяқтарын жусын”, – деді2».
- 1Құба – ардақты Пайғамбардың әзірет Әбу Бәкірмен бірге Меккеден һижрет жасағанда, Мәдинаға кірер алдында соңғы рет аялдаған жері. Ол мұнда әзірет Әнәс намаз оқыған Құба мешітін салған. Бұл – Исламдағы алғашқы мешіт. Мәдина Мүнәууәрада қажылар зиярат ететін маңызды орындардың бірі де – осы жер. Жоғарыдағы хадистерде дәретті бетті жуудан бастау дәреттің парыздарын түсіндіру үшін айтылған. Әйтпесе, белгілі болғандай, бұдан бұрын сүннет ретінде қолдар жуылып, ауыз бен мұрынға су алынып тазартылады.
- 2Шәйбани, 48. Осы мәселе жөнінде имам Мәликтен жеткен басқа бір риуаятта: «Мәсілерін шешпей дәрет алып, олардың үстінен мәсіх тартады», – делінген. Әбу Ханифаның пікірі де осындай. Мұнда «мәсілерін шешіп, аяқтарын жусын» деуі абзалырақ әрі лайығырақ амалды түсіндіру үшін айтылған. Өйткені дәрет алғанда мүшелерді арасын үзбей, бірінен соң бірін жуу – сүннет. Ханафи мәзһабында мәсінің үстінен мәсіх тартудың жарамдылық мерзімі мұқимдар үшін бір тәулік, ал жолаушылар үшін үш тәулік деп белгіленген. Имам Мәликтің пікірінше, мұқимдар мәсілерінің үстінен мәсіх тарта алмайды. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 80-бет.