Қазақша аудармасы
Зүбәйд ибн Салт былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттабпен бірге Жұруфқа1 барған едім. Ол киіміне қарады да, ихтиләм болғанын, яғни түсінде шәует шыққанын түсінді. Ал өзі ғұсыл алмай намаз оқып қойған еді. Сонда Омар: “Уаллаһи, ихтиләм болыппын, бірақ байқамаппын. Ғұсыл алмай намаз оқып қойыппын”, – деді. Дереу ғұсыл алды, киімінен көрген мәниді жуды, көрмеген жеріне су септі. Күн сәл көтерілгеннен кейін азан айтты немесе қамат түсірді. Намазды қайта оқыды».
- 1Жұруф – Мәдинадан солтүстікке қарай үш миль жерде орналасқан мекеннің атауы. Онда әзірет Омардың жері болған. Оның ғұсыл алмай оқыған намазы таң намазы екені аңғарылады.