Абдуррахман ибн Хармәләдан риуаят етіледі: «Бір адам Сағид ибн әл-Мусәйябтан: “Жүніп адам тәяммүм алғаннан кейін су тапса, не істейді?” – деп сұрады. Сағид: “Суға қол жеткізген кезде кейінгі намаздары үшін ғұсыл алуы керек”, – деді1».
Имам Мәлик сапарда ихтиләм болған, дәрет алуға ғана жететін суы бар және суға жеткенге дейін шөлдеп қалмайтын адам жайында былай дейді: «Ол сол сумен әурет жерін және мәни тиген жерлерді жуады. Содан кейін Алланың бұйырғанындай, таза жерде тәяммүм алады».
Имам Мәликтен: «Жүніп адам тәяммүм алғысы келіп, сортаң топырақтан басқа жер таппаса, сортаң топырақпен тәяммүм ала ма? Сол жерде намаз оқуы мәкруһ бола ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Сортаң жерде намаз оқуға да, тәяммүм алуға да болады. Өйткені Алла Тағала: “Таза жер бетінен тәяммүм алыңдар2”, – деп бұйырды. Сортаң болсын, сортаң болмасын, таза болған кез келген жерде тәяммүм ала алады», – деді.