Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Һәббар ибн Әсуәд айттың бірінші күні Омар ибн Хаттаб құрбанын шалып жатқанда алдына келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі! Күндерді шатастырып алыппыз. Біз бүгінді арафа күні деп ойлаған едік”, – деді. Омар (р.а.) оған: “Меккеге бар да, қасыңдағылармен бірге тауап жасаңдар. Құрбандықтарың болса, оларды да шалыңдар. Содан кейін шаштарыңды алдырып немесе қысқартып, үйлеріңе қайтыңдар. Келесі жылы қажылық уақыты келгенде, қажылықтарыңды өтеп, құрбан шалыңдар. Құрбандық таба алмасаңдар, қажылық кезінде үш күн, қажылықтан қайтқаннан кейін жеті күн ораза ұстаңдар”, – деді».
Имам Мәлик былай дейді: «Қиран қажылығын жасаған адам қажылыққа үлгермей қалса, келесі жылы қайтадан қиран қажылығын жасауы қажет. Келесі жылы екі құрбандық шалады: бірі – қиран қажылығы үшін, екіншісі – өткен жылы өткізіп алған қажылығы үшін».