Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ілім иелерінің: “Ерлі-зайыптылар бір құрбандыққа ортақтаспайды. Әрқайсысы жеке-жеке құрбандық жібереді”, – дегенін естідім».
Имам Мәликтен: «Ұмра үшін ихрамға кірген адамның атынан қажылықта шалынсын деп құрбандық жіберілсе, ол ұмра ихрамынан шыққан кезде сол құрбандықты шала ала ма? Әлде өзі ихрамнан шығып, құрбандығын шалуды кейінге қалдыра ма?» – деп сұралды. Ол: «Өзі ұмра ихрамынан шығады да, құрбандығын өз уақытында шалу үшін кейінге қалдырады», – деп жауап берді.
Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында аң аулағаны үшін немесе басқа бір себеппен Қағбаға құрбандық жіберуге міндеттелген адам оны тек Меккеде шалады. Өйткені аятта: “Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал”, – делінген. Ал сол құрбандықтың орнына өтелетін ораза мен садақаны басқа жерде де орындауға болады. Оразаны басқа жерде ұстауға болатыны сияқты, садақаны да осы міндет жүктелген адам өзі қалаған жерде бере алады».