Абдуллаһ ибн Зүбәйр былай дейді: «Біліп қойыңдар: Уранә аңғарынан басқа Арафаттың барлық жерінде уақфа жасауға болады. Бәтни Мухассирден басқа Мүздәлифаның да барлық жерінде уақфа жасауға болады».
Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Алла Тағала аятта: “Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етсе, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ”, – деп бұйырады.1 Алла жақсы біледі, мұндағы “рафәс” – жыныстық қатынас, “фусуқ” – пұттарға құрбан шалу. Бұл мағыналар мына аяттарда да кездеседі: “Сендерге ораза ұстаған түні әйелдеріңмен төсек қатынасына түсу адал етілді”.2 Мұндағы “төсек қатынасына түсу” – рафәс. Сондай-ақ: “...немесе Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса...” – делінген.3 Мұндай құрбан шалу – фисқ».
Имам Мәлик сөзін былай жалғастырады: «Қажылықтағы “жидәлға” келсек, жәһилия дәуірінде құрайыштар Мүздәлифадағы Қузахта, ал өзге арабтар мен басқалар Арафатта тұратын. Құрайыштар: “Біз тура жолдамыз”, – десе, өзге арабтар мен басқалар да: “Біз тура жолдамыз!” – деп, өзара тартысатын. Сондықтан Алла Тағала: “Біз әр үмбетке өздері атқаратын құлшылық рәсімдерін белгілеп бердік. Сондықтан өзгелер дін мәселесінде саған қарсы шығып, сенімен таласып-тартыспасын. Сен ел-жұртты Раббыңа шақыра бер. Шүбәсіз, сен ақиқатқа жеткізетін тұп-тура жолдасың”, – деген аятты түсірді.4 Осы аяттағы “низағ”, яғни талас-тартыс – жидәл. Мен мұны ілім иелерінен естідім».