Һишам әкесі Уруаның былай дегенін жеткізеді: «Мүздәлифада түнейтін түні таң атпай тұрып Арафаттағы уақфаға үлгермеген адам қажылыққа да үлгермеген болады. Ал сол түні таң атпай тұрып Арафатта уақфа жасаған адам қажылыққа үлгерген болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Арафаттағы уақфа орнында құлдықтан азат етілген адамның қажылығы парыз қажылықтың орнына жүруі үшін ол азат етілгенге дейін қажылық ихрамына кірмеген болуы керек. Азат етілген бойда ихрамға кіріп, сол түні таң атпай тұрып Арафатта уақфа жасаса, парыз қажылығын өтеген болады. Ал таң атқанша қажылық ихрамына кірмесе, қажылыққа үлгермеген адамның үкімінде болады. Мүздәлифада түнейтін түні таң атпай тұрып Арафаттағы уақфаға үлгермеген жағдайда, парыз қажылық оның мойнында қалып, кейін оны өтеуге тиіс».