Хадис

Муатта, № 208

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
21. Қажылық
бап
68. Ташриқ, яғни айт күндеріндегі тәкбірлер
Нөмірі
№ 208 (кітап ішіндегі рет реті)
208
Муатта, 21-кітап, № 208
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттаб айттың бірінші күні күн сәл көтерілгенде сыртқа шығып, тәкбір айтты. Жұрт та оған қосылып тәкбір айтты. Сол күні сәске уақытында тағы шығып, тәкбір айтқанда, мұсылмандар да оған ілесті. Үшінші рет күн тас төбеден ауғанда шығып, тәкбір айтты. Қасындағылар да онымен бірге айтты. Тәкбір дауыстары Қағбаға дейін жететін. Осыдан жұрт Омардың жәмраларға тас атуға шыққанын білетін».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, құрбан айттағы тәкбірлерді намаздардан кейін айтамыз. Бұл тәкбірлер айттың бірінші күні бесін намазынан соң басталады: имам тәкбір айтады, жамағат та онымен бірге айтады. Ең соңғысы ташриқ күндерінің соңғы күніндегі таң намазынан кейін айтылады. Жамағат имамға қосылып тәкбір айтқан соң, бұл тәкбірлер тоқтатылады».1

Имам Мәлик былай дейді: «Ташриқ күндерінің тәкбірлері ерлер мен әйелдерге, жамағатпен оқығанға да, жеке оқығанға да, Минада жүргенге де, өзге елде болғанға да уәжіп. Қажылықтағы жұрт бұл тәкбірде қажылық әмірі мен Минадағы жамағатқа ереді. Өйткені Минадан қайтып, ихрамнан шыққанда да соларға еріп, ихрамнан тыс жүргендер сияқты тәкбір айтады. Ал қажылықта болмағандар қажыларға тек ташриқ күндерінің тәкбірлерінде ғана ереді, қажылыққа тән өзге тәкбірлерге міндетті емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Құран Кәрімдегі “әййәмән мағдудат”, яғни “санаулы күндер” деген сөз ташриқ күндерін білдіреді».2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, ташриқ тәкбірлері құрбан айттың арафа күніндегі таң намазынан басталып, айттың төртінші күніндегі екінті намазында аяқталады. Барлығы жиырма үш уақыт намазын қамтиды. Бұл тәкбірлер әрбір парыз намазынан кейін айтылады.
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:203.