Хадис

Муатта, № 242

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
21. Қажылық
бап
78. Құрбан шалмай тұрып шаш алдырған адамның фидиясы
Нөмірі
№ 242 (кітап ішіндегі рет реті)
242
Муатта, 21-кітап, № 242
Қазақша аудармасы

Кағб ибн Ужра былай дейді: «Жолдастарыма ас пісіру үшін қазанның астындағы отты үрлеп жатқанымда Алла елшісі (с.а.с.) жаныма келді. Шашым мен сақалым битке толып кеткен еді. Ардақты Пайғамбар маңдайымнан ұстап: “Мына шашыңды алдыр. Фидия ретінде үш күн ораза ұста немесе алты кедейді тойдыр”, – деді. Ол менің құрбан шалатын малым жоқ екенін білетін».1

Адамды мазалайтын жайларға байланысты берілетін фидия туралы Имам Мәлик былай дейді: «Фидияны оны міндеттейтін әрекетті жасамай тұрып өтеуге болмайды. Кәффарат адамға міндет болғаннан кейін ғана өтеледі. Фидия міндеттелген адам оны құрбан шалу, ораза ұстау немесе садақа беру арқылы Меккеде де, басқа жерде де өтей алады».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адамға ихрамнан шыққанша шашын жұлуға, алдыруға немесе қысқартуға болмайды. Басына түскен кесел мазаласа, қажет амалын жасап, Алла бұйырғандай фидиясын береді. Сондай-ақ ихрамдағы адам тырнағын алмайды, битті өлтірмейді, басындағы, денесіндегі немесе киіміндегі битті жерге тастамайды. Денесінен не киімінен бір битті жерге тастаса, фидия ретінде бір уыс азық беруге тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адам ұмытып немесе білмей мұрнынан, қолтығынан түк жұлса, түк кетіретін хаммам шөбін қолданса, мәжбүр болып басындағы жараның айналасын қырса не қан алдыру үшін басының бір жеріндегі шашты алса, осы жағдайлардың қайсысында да фидия беруге тиіс. Алайда қан алдыру үшін сол жердің шашын қыруға болмайды. Ал шашын алмай қан алдырса, оған фидия жүктелмейді. Білмей жәмраға тас атпай тұрып шашын алдырған адам да фидия береді».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 64/35; Мүслим, «Хаж», 15/80: иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.