Ихрамда берілетін фидияны жеңіл санап, ихрамда киюге болмайтын киімді киген, шашын қысқартқан немесе мәжбүр болмаса да хош иіс қолданған адам туралы Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адамға мұндай істерді жасауға болмайды. Оларға тек зәрулік жағдайында, фидиясын өтеу шартымен ғана рұқсат етілген».
Имам Мәликтен: «Адам фидия міндеттелгенде ораза ұстау, садақа беру немесе құрбан шалудың бірін өзі таңдай ала ма? Қандай мал құрбандыққа шалынады? Азық неше мудд болуы керек? Неше күн ораза ұсталады? Осы міндеттердің бірі жүктелгенде, оны дереу орындау керек пе, әлде кейінге қалдыруға бола ма?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Адам Алланың кітабында көрсетілген кәффараттардың қалағанын орындайды. Бұл мәселеде таңдау өз еркінде. Құрбандыққа қой шалынады. Ораза үш күн ұсталады. Ал азықпен өтегенде, ардақты Пайғамбар заманындағы мудд өлшемімен алты кедейдің әрқайсысына екі муддтан береді. Бір мудд – жарты килограмм».
Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың былай дегенін естідім: “Ихрамдағы адам бір нәрсе лақтырып, аң өлтіруді ойламаған болса да, әлгі зат аңға тиіп, оны өлтірсе, фидия береді. Сол сияқты ихрамда емес адам Харам аймағында байқаусызда аң өлтірсе де, фидия өтеуге тиіс. Өйткені бұл жағдайда байқаусызда өлтіру мен қасақана өлтірудің үкімі бірдей”».
«Бір топ адам ихрамда жүргенде немесе Харам аймағында ихрамсыз жүргенде бірігіп бір аңды өлтірсе, не болады?» – деген сұраққа Имам Мәлик былай жауап берді: «Меніңше, олардың әрқайсысы өтемін жеке-жеке өтеуге тиіс. Құрбан шалуға үкім етілсе, әрқайсысы бір-бір құрбан шалады. Ораза ұстауға үкім етілсе, әрқайсысы сол оразаны өзі ұстайды. Бұл – бір топ адам байқаусызда бір адамды өлтіргенде, әрқайсысы жеке-жеке құл азат ететіні немесе екі ай қатарынан ораза ұстайтыны сияқты».
Имам Мәлик былай дейді: «Жәмраға тас атып, шашын алдырғанымен, әлі зиярат тауабын жасамаған адам аңды атып не аулап алса, оның өтемін беруге тиіс. Өйткені Құран Кәрімде: “‘Ихрамнан шыққаннан’ кейін, қаласаңдар, саятшылық құрыңдар”, – деп бұйырылған.1 Ал зиярат тауабын жасамаған адамға әйелімен жақындасуға және хош иіс қолдануға қатысты тыйымдар әлі де сақталады».
Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында ихраммен жүрген адам ағаш кессе, оған өтем жүктелмейді. Ағаш кескені үшін біреуге өтем жүктелгені туралы хабар бізге жеткен жоқ. Дегенмен мұндай іс жасаған адам жақсы іс істеген болып саналмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Білмей, ұмытып немесе ауырып қалып, қажылықта ұстауға тиіс үш күндік оразасын ұстамаған адам еліне қайтқаннан кейін шамасы келсе, Қағбаға бір құрбандық жіберсін. Құрбандық таба алмаса, үйінде үш күн, содан кейін тағы жеті күн ораза ұстасын».
- 1«Мәида» сүресі, 5:2.