Хадис

Муатта, № 90

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
21. Қажылық
бап
27. Харам аймағында аң аулағаны үшін төленетін өтем
Нөмірі
№ 90 (кітап ішіндегі рет реті)
90
Муатта, 21-кітап, № 90
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағала Құран Кәрімде: “Уа, иман келтіргендер! Ихрамда жүргенде аң өлтірмеңдер. Араларыңнан кімде-кім аңды қасақана өлтірсе, өтемі – өлтірген аңына пара-пар келетін үй жануары. Оны араларыңдағы екі әділ кісі белгілейді. Ол Қағбаға жеткізілетін құрбандық болады. Не болмаса кәффарат ретінде мұқтаждарды тамақтандырады, яки соған тең мерзім ораза ұстайды. Мұның бәрі істеген ісінің салмағын тартуы үшін...” – деп бұйырған».1

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамға кірмей тұрып аулаған аңын ихрамға кірген соң өлтірген адам ихрамда жүргенде аң сатып алып, оны бауыздаған адаммен бірдей. Алла бұған тыйым салған. Мұндай істі жасаған адам өтем төлейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, ихрамда жүргенде аңға оқ атып, оны өлтірген адамға өтем төлеу үкімі шығарылады».

Имам Мәлик Харам аймағында аң аулағаны үшін төленетін өтем туралы былай дейді: «Бұл жөнінде естігендерімнің ішіндегі көңіліме ең қонымды үкім мынау: өлтірілген аңның құны азық-түлікпен есептеледі. Әрбір мұқтажға бір күндік үлес ретінде бір мудд азық беріледі немесе әр муддтың орнына бір күн ораза ұсталады. Сөйтіп, тамақтандырылуы тиіс мұқтаждардың санына қарай ораза ұсталады. Мысалы, он мұқтаждың әрқайсысына бір муддтан азық беру керек болып, бұған шамасы келмесе, оның орнына он күн ораза ұстайды. Тамақтандырылуы тиіс кедейлердің саны жиырма болса, жиырма күн, алпыс болса, алпыс күн ораза ұстайды».

Харам аймағында ихрамсыз күйде аң аулаған адамның өтемі туралы да имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында ихрамсыз жүргенде аң өлтірген адам да сол аймақта ихрамда жүріп аң аулаған адаммен бірдей өтем төлейді».

  1. 1«Мәида» сүресі, 95-аят.