Мүміндердің анасы әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келген кезде, Әбу Бәкір мен Біләл (р.а.) безгекке шалдықты. Екеуінің көңілін сұрап барып: “Әкетайым, өзіңізді қалай сезініп жатырсыз? Уа, Біләл, жағдайыңыз қалай?” – дедім. Әбу Бәкір (р.а.) безгегі ұстағанда: “Әркім өз үйінде таңын атырар, ал ажал оған кебісінің бауынан да жақын”, – деген бәйітті айтатын. Хабашстандық Біләлдің (р.а.) безгек ұстамасы басылғанда, ол даусын көтеріп: “Білсем ғой: Мекке аңғарында хош иісті жұмсақ шөптердің арасында бір түнеу маған нәсіп болар ма екен? Бір күні Мәжәннәнің суына жете алар ма екенмін? Меккенің Шәмә мен Тәфил тауларын көре алар ма екенмін?” – дейтін. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, мұны хабарлағанымда, ол: “Уа, Раббым! Бізге Мәдинаны Меккені сүйгеніміздей, тіпті одан да артық сүйдір. Оны ауру-сырқаудан сақта. Өлшемдеріне, яғни өлшеммен сатылатын азықтарына біз үшін береке бер. Мәдинаның безгегін Жұхфаға көшір”, – деп дұға етті»1.
- 1Бұхари, «Манақибул-ансар», 63/46; Муслим, «Хаж», 15/86, № 480. Жұхфа – Меккеден 82 миль жердегі ауыл.