Қазақша аудармасы
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мәдинаның қақпаларында періштелер бар. Оған оба індеті де, Дәжжал да кіре алмайды», – деген1.
- 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29/9; Муслим, «Хаж», 15/87, № 485. Бұл хадистің мағынасын айқындай түсу үшін Бұхариде келген екі риуаятты келтіргенді пайдалы көрдік. а) Әнес ибн Мәликтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мекке мен Мәдинадан басқа, Дәжжалдың әскері басып кірмейтін елді мекен қалмайды. Мәдинаның барлық кіреберісін сап түзеген періштелер күзетеді. Содан кейін Мәдина халқымен бірге үш рет сілкінеді. Алла Тағала ондағы кәпірлер мен мұнафықтарды қаладан шығарады, олар Дәжжалдың әскеріне қосылады», – деген (Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», «Дәжжал Мәдинаға кірмейді» бабы). ә) Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Дәжжал туралы ұзақ баяндаған хадисінде былай дегенін жеткізеді: «Дәжжал Мәдинаға келеді, бірақ оған кіру нәсіп болмайды. Ол Мәдина маңындағы қуаң жерлердің біріне тоқтайды. Сол күні ізгі адамдардың бірі оған қарсы шығып: “Сенің Алла елшісі (с.а.с.) бізге хадисінде хабарлаған Дәжжал екеніңе куәлік етемін”, – дейді. Дәжжал айналасындағы жақтастарына: “Мына адамды өлтіріп, қайта тірілтсем, мен туралы күмәнданасыңдар ма?” – деп сұрайды. Олар: “Жоқ”, – дейді. Ол әлгі адамды өлтіріп, қайта тірілтеді. Тірілген адам: “Уаллаһи, сенің Дәжжал екеніңе енді бұрынғыдан да нық сендім”, – дейді. Дәжжал: “Енді мұны өлтіріңдер”, – дейді. Алайда оған ештеңе істей алмайды, өлтіре алмайды» (Бұхари, аталған бап).