Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шамға қарай жолға шықты. Сәрғқа1 жеткенде, оны әскер қолбасшылары Әбу Убайда ибн Жәррах пен серіктері қарсы алып, Шамда оба індеті тарағанын хабарлады. Омар маған: “Алғашқы мұһажирлерді шақыр”, – деді. Мен оларды шақырдым. Омар оба шыққанын айтып, олармен кеңесті. Пікірлері екіге бөлінді. Бірі: “Сен белгілі бір міндетпен жолға шықтың. Кері қайтқаныңды дұрыс көрмейміз”, – деді. Енді бірі: “Сенімен бірге жұрт та, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары да бар. Оларды обаға ұрындырғаныңды жөн көрмейміз”, – деді. Сонда Омар: “Енді бара беріңдер”, – деді де, маған: “Ансарларды шақыр”, – деп бұйырды. Мен оларды да шақырдым. Омар олармен де кеңесті. Олар да мұһажирлердің сөздерін айтып, өзара келісе алмады. Омар оларға да: “Енді бара беріңдер”, – деді. Содан кейін: “Осында тұрған, Мекке алынған кезде һижрет еткен Құрайыш ақсақалдарын шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Олар бір ауыздан: “Жұртты ертіп, кері қайтқаныңды, оларды оба қаупіне ұрындырмағаныңды жөн көреміз”, – деді. Омар жұртқа: “Мен таңертең көлігіме мініп, Мәдинаға қайтамын. Сендер де соған дайындалыңдар”, – деп үн қатты. Сонда Әбу Убайда (р.а.): “Алланың тағдырынан қашып барасың ба?” – деп сұрады. Омар: “Уа, Әбу Убайда, мұны сенен басқа біреу айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамыз2. Айтшы, сенің түйелерің бір беткейі отты, екінші беткейі қуаң бір аңғарға түссе, оларды отты беткейге жайсаң да, Алланың тағдырымен жаймайсың ба? Қуаң беткейге жайсаң да, Алланың тағдырымен жаймайсың ба?” – деді. Осы кезде бір шаруасымен олардың арасынан кетіп қалған Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) келіп: “Бұл жөнінде менде мәлімет бар. Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Ал оба өздерің тұрған жерде шықса, одан қашып, сол жерден кетпеңдер’, – дегенін естідім”, – деді. Сонда Омар (р.а.) Аллаға мадақ айтып, Мәдинаға қайтты»3.
- 1Сәрғ – Табук аңғарындағы қалашық. Мәдинадан он үш қоныстық жерде орналасқан.
- 2Бірде Алла елшісі (с.а.с.) құлағалы тұрған қабырғаның жанынан жылдам өтіп кеткенде, одан: «Уа, Расулаллаһ! Алланың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұралды. Ол: «Алланың қазасынан Алланың тағдырына сиынамын», – деді. Омардың (р.а.) жоғарыдағы жауабы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы сөзінен алынған.
- 3Бұхари, «Тибб», 76/30; Муслим, «Сәләм», 39/32, № 98.