Хадис

Муатта, № 24

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
32. Әртүрлі мәселелер
бап
7. Обаға қатысты хадистер
Нөмірі
№ 24 (кітап ішіндегі рет реті)
24
Муатта, 32-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабиғаның жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шамға қарай жолға шықты. Сәрғқа жеткенде, оған Шамда оба індеті тарағаны хабарланды. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) оған Алла елшісінің (с.а.с.): «Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Ал өздерің тұрған жерде шықса, одан қашып, сол жерден кетпеңдер», – дегенін жеткізді. Осыдан кейін Омар (р.а.) Сәрғтан кері қайтты1.

  1. 1Бұхари, «Тибб», 76/30; Муслим, «Сәләм», 39/32, № 100. Сирияны, Мысырды және Иракты жайлаған осы алапат оба һижреттің он жетінші жылы басталып, бірнеше айға созылған. Омар (р.а.) індет туралы хабар жеткенде, жағдайды өз көзімен көру үшін Мәдинадан аттанған. Сәрғқа келгенде, жоғарыда айтылған себептермен Мәдинаға кері қайтқан. Біраз уақыттан кейін ол Сирия әмірі Әбу Убайданы бір шаруамен қасына шақырған. Алайда Әбу Убайда: «Алланың тағдыры өзгермейді. Өлімім жазылған болса, қайда жүрсем де өлемін. Ислам әскерін тастап, жалғыз өзім қауіпсіз жерге кетпеймін. Осыны білгеніңіз жөн», – деп жауап берген. Хатты оқығанда Омардың көзіне жас келген. Бұл індеттен Әбу Убайда мен бірқатар көрнекті сахабалар да бар, жиырма бес мың адам қайтыс болған (толығырақ: Шибли, «Асру сағадат», IV, 291 және кейінгі беттер). Хадисте оба, тырысқақ секілді жұқпалы ауру тараған жерге кірмеу бұйырылған. Ондай жерге бару – өзін біле тұра қауіпке тігу. Ұлы Раббымыз «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер», – дейді. Ал індет шыққан жерде тұрған адамның басқа жаққа кетпеуі жөніндегі бөлікке ғалымдар әртүрлі түсінік берген. Мұның бір себебі ауруды өзге жердегі адамдарға жұқтыру қаупі болса керек. Қазіргі медицина қолданатын карантин тәсілі де осыған негізделген.