Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) теңіз жағасына бір жасақ жіберіп, Әбу Убайда ибн Жәррахты қолбасшы етіп тағайындады. Жасақ үш жүз адамнан тұратын. Мен де солардың ішінде едім. Жолға шықтық. Біраз жүрген соң азығымыз таусылуға таяды. Әбу Убайда жасақтың бүкіл азығын жинатты. Барлығы екі азық дорбасындай құрма еді. Әбу Убайда күн сайын аз-аздан бөліп беріп отырды. Таусылғанша осылай жалғасты. Әрқайсымызға бір-бір құрмадан ғана тиетін». Уәһб ибн Кәйсан: «Жәбирден: “Бір құрма аштықты баса ма?” – деп сұрадым. Ол: “Таусылғанда оның қадірін қатты сезіндік”, – деп жауап берді», – дейді. Жәбир сөзін былай жалғастырған: «Содан кейін теңіз жағасына жеттік. Сол жерде шағын таудай алып балыққа кезіктік. Жасақ сол балықты он сегіз күн жеді. Әбу Убайда балықтың екі қабырғасын тіктеп, көпір тәрізді етіп орнатуды бұйырды. Содан соң астынан бір түйені айдап өткізді. Түйе екі қабырғаның астынан сүйекке тимей өтті»1. Имам Мәлик былай дейді: «Хадистегі “зәриб” сөзі “шағын тау” дегенді білдіреді».
- 1Бұхари, «Ширкат», 47/1; Муслим, «Сайд», 34/4, № 17–21. Жәбирден (р.а.) бір құрмамен қалай күн көргендері сұралғанда: «Бала емшек емгендей, құрманы соратынбыз да, артынан су ішетінбіз. Бұл сол күні кешке дейін жететін», – деп жауап берген.