Хадис

Муатта, № 2

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
37. Көз тию
бап
1. Көз тиюге[^1063] байланысты дәрет алу
Нөмірі
№ 2 (кітап ішіндегі рет реті)
2
Муатта, 37-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Хунәйфтің ұлы Әбу Үмәма былай дейді: «Амир ибн Рабиға ғұсыл алып жатқан Сәһл ибн Хунәйфті көріп: “Күнге күймеген терінің өзі бүгін көргенімдей болмас”, – дегенде, Сәһл құлап түсті. Адамдар Алла елшісіне (с.а.с.) барып: “Уа, Расулалла! Сәһл ибн Хунәйфке бір шара жасай аласыз ба? Уаллаһи, басын көтере алмай жатыр”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Оған көз тигізді деп біреуден күдіктенесіңдер ме?” – деп сұрады. Олар: “Амир ибн Рабиғадан күдіктенеміз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) Амирді шақырып, ашулана: “Бірің бауырын неге көзімен өлтіреді? Оған береке тілеп дұға етсең еді! Енді ол үшін жуын”, – деді. Амир бір ыдысқа жүзін, қолдарын, шынтақтары мен тізелерін, аяқтарының ұштарын және изарының денесіне тиіп тұратын ішкі жағын жуды. Содан кейін сол су Сәһлдің үстіне құйылды. Сәһл дертінен айығып, еш шағымсыз жұртпен бірге жүріп кетті»1.

  1. 1Сырттай қарағанда, мурсал риуаят. Алайда ол бұл хадисті әкесінен естіген. Сондай-ақ Ибн Мәжа, «Тибб», 31/32-ні қараңыз. Алдыңғы хадисте дәрет алу, мұнда жуыну, яғни ғұсыл айтылған. Бірақ бұл жердегі ғұсыл дәрет алуға тән әрекеттермен түсіндіріледі. Өйткені дәрет – белгілі мүшелерді жуу. Ғалымдар көз тиюге байланысты алынатын дәретті былай сипаттаған: ыдысқа су әкеліп, жерге қоймай, сәл көтеріңкі ұстайды. Көз тигізген адам бір уыс су алып, аузын шаяды да, қайтадан ыдысқа төгеді. Содан кейін су алып, бетін бір рет сол ыдыстың үстінде жуады. Сол қолымен су алып, оң қолына, оң қолымен алып, сол қолының сыртына құяды. Сол қолымен оң шынтағын, оң қолымен сол шынтағын жуады. Одан соң сол қолымен оң аяғына, оң қолымен сол аяғына су құяды. Дәл солай сол қолымен оң тізесіне, оң қолымен сол тізесіне құяды. Мұның бәрі ыдыстың үстінде жасалады. Содан кейін изарының оң жақ ішкі ұшын ыдыстағы суға батырады. Білек пен шынтақтың арасын, тобық пен тізенің арасын жумайды. Осылай дәрет алып болған соң, сол суды көз тиген адамның арт жағынан басына құяды. Жоғарыдағы хадистерде Сәһл мен Амирдің (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығын осылай орындауының нәтижесінде Сәһлдің көз тиюден туған дертінен айыққанын көреміз. Бірақ мұндағы хикмет пен себептерді толық талдап түсіндіру мүмкін емес. Өйткені ақыл әр нәрсенің сырын аша алмайды. Ақылмен түсінілмеуі оны жоққа шығаруды қажет етпейді. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 256–257-бб.; «Сунану Ибн Мәжа», 2-т., 1160-б., № 3510 хадистің түсіндірмесі.