Хадис

Түс көру

Муатта, 39-кітап · 7 хадис · № 1–7

1-бапТүс туралы риуаяттар

1
Муатта, 39-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Ізгі адамның көрген шынайы әрі сүйінші түсі – пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір бөлігі», – деген.1 Бұл хадис Әбу Һурайрадан (р.а.) да дәл осылай риуаят етілген.

  1. 1Бұхари, Тағбир, 91/2. Осы және осыған ұқсас хадистердегі пайғамбарлықтың бөліктері мен мәнінен не көзделетінін пайғамбарлар ғана толық біледі. Пайғамбарымыздың пайғамбарлық кезеңі жиырма үш жылға созылған. Оның алғашқы алты айында уахи шынайы түстер түрінде келген. Бұл – жиырма үш жылдың қырық алтыдан бір бөлігі. Айшадан (р.а.) жеткен хадисте де Алла елшісіне (с.а.с.) алғашқы уахилардың шынайы түстер түрінде келгені айтылған. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 276-бет.
2
Муатта, 39-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) таң намазын оқып, жамағатқа бұрылғанда: «Іштеріңде осы түні түс көргендер бар ма?» – деп сұрайтын. Сондай-ақ: «Менен кейін пайғамбарлық қалмайды, тек шынайы түстер қалады», – дейтін.

3
Муатта, 39-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Менен кейін пайғамбарлықтан сүйіншілер ғана қалады», – дегенде, сол жердегілер: «Уа, Расулалла, сүйіншілер деген не?» – деп сұрады. Ол: «Ізгі адамның өзі көрген немесе өзге біреудің ол үшін көрген шынайы түстері. Мұндай түстер – пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір бөлігі», – деп жауап берді.1

  1. 1Мүрсәл риуаят. Бұхари оны Зуһри – Сағид ибн әл-Мүсәйяб – Әбу Һурайра тізбегімен мәусул түрде жеткізген. Бұхари, Ру’я, 91/5.
4
Муатта, 39-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмәдан риуаят етілген: Әбу Қатада ибн Рибғи былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Жақсы түс – Алладан, ал жаман түс – шайтаннан. Біреуің түсіңде ұнатпайтын бір нәрсе көрсең, оянған соң сол жағыңа үш рет үрлеп, сол түстің жамандығынан Аллаға сиын. Сонда ол түс, иншаллаһ, саған зиян келтірмейді”, – дегенін естідім». Әбу Сәләмә: «Бұрын көрген түсім маған таулардан да ауыр тиетін. Осы хадисті естігеннен кейін ондай түстерге мән бермейтін болдым», – дейді.1

  1. 1Бұхари, Тыбб, 76/39; Мүслим, Ру’я, № 2262; Шәйбани, № 921.
5
Муатта, 39-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Һишамның әкесі Уруа: «Оларға бұл дүниеде де, ақыретте де сүйінші»1 деген аяттағы сүйінші жайында: «Ол – ізгі адамның өзі көрген немесе өзге біреудің ол үшін көрген шынайы түстері», – дейді.2

  1. 1«Юнус» сүресі, 10:64.
  2. 2Қазы Бәйдауи бұл аяттың тәпсірінде былай дейді: «Дүние өміріндегі сүйінші – Құран мен Алла елшісінің сөздері арқылы тақуаларға берілетін қуанышты хабарлар, оларға көрсетілетін ізгі түстер, жүректеріне ашылатын сырлар және соңғы демінде періштелердің айтатын сүйіншісі. Ақыреттегі сүйінші – періштелердің оларды қарсы алып, құтылу мен бақытқа кенелетіндерін хабарлауы». Бәйдауи, «Әнуарут-тәнзил уә әсрарут-тәуил», 1-том, 443-бет.

2-бапНарды ойнау

6
Муатта, 39-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Нарды ойнаған адам Аллаға және Оның елшісіне қарсы келген болады», – деген.1

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Айшаға (р.а.) өз үйінде тұратын отбасы мүшелерінің қолында нарды бар екені хабарланды. Ол мұны жақтырмай, оларға: «Егер оны, яғни нардыны, шығарып тастамасаңдар, өздеріңді үйімнен шығарамын», – деп хабар жіберді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб, 40/56. Хаким бұл хадисті Бұхари мен Мүслимнің шарттарына сай сахих деп бағалаған. Зәһәби де бұл пікірді қабылдаған.
7
Муатта, 39-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етілген: Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) отбасы мүшелерінің бірін нарды ойнап отырған жерінен көрсе, оны ұрып, нарды тақтасын сындырып тастайтын.1

Яхия былай дейді: «Имам Мәлик: “Шахматта қайыр жоқ”, – деп, оны жақтырмайтынын білдірді. Ол шахмат пен өзге де бос ойындарды құптамай, мына аятты оқитын: “Ақиқаттың шегінен аттағанда адасушылықтан өзге не бар дейсің?”»2

  1. 1Ұруы – тәрбиелеу үшін, ал нарды тақтасын сындыруы пайдасыз іске жол бермеу үшін еді.
  2. 2«Юнус» сүресі, 10:32.