Сүлеймен ибн Әби Хасманың ұлы Әбу Бәкір былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) Сүлеймен ибн Әби Хасманы таң намазында көрмеді. Сүлейменнің үйі базар мен Мәсжидун-Нәбәуидің арасында болатын. Әзірет Омар базарға бара жатып, Сүлейменнің анасы әш-Шифа ханымды кездестірді. Оған: “Сүлейменді таң намазында көрмедім”, – дегенде, әйел: “Түнде намаз оқыды, содан ұйықтап қалып, таң намазына бара алмады”, – деді. Сонда Әзірет Омар: “Түні бойы намаз оқығанымнан таң намазына жамағатпен барғаным мен үшін қайырлырақ”, – деді».
Абдуррахман ибн Әби Амра әл-Ансари былай деп баяндайды: «Осман ибн Аффан (р.а.) құптан намазына келді. Жамағаттың аз екенін көріп, мешіттің арт жағында жатып, жамағаттың жиналуын күтті. Сол кезде Ибн Әби Амра келіп, Әзірет Османның қасына отырды. Осман (р.а.) оның кім екенін сұрады. Ол өзін таныстырды. Содан кейін Осман: “Құранның қаншасын білесің?” – деп сұрады. Ол бұған да жауап бергеннен кейін Әзірет Осман оған: “Құптан намазына жамағатпен келген адам түннің жартысын намазбен өткізгендей болады. Таң намазына жамағатпен келген адам да түннің бәрін намазбен өткізгендей болады”, – деді1».
- 1Марфуғ ретінде сахих. Муслим, «Мәсәжид», 5/260.