عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «تَأَيَّمَتْ حَفْصَةُ بِنْتُ عُمَرَ مِنْ خُنَيْسِ بْنِ حُذَافَةَ السَّهْمِيِّ، وَكَانَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَدْ شَهِدَ بَدْرًا، تُوُفِّيَ بِالْمَدِينَةِ».
قَالَ عُمَرُ: «فَلَقِيتُ عُثْمَانَ بْنَ عَفَّانَ، فَعَرَضْتُ عَلَيْهِ حَفْصَةَ، فَقُلْتُ: “إِنْ شِئْتَ أَنْكَحْتُكَ حَفْصَةَ بِنْتَ عُمَرَ”. قَالَ: “سَأَنْظُرُ فِي أَمْرِي”، فَلَبِثْتُ لَيَالِيَ، فَقَالَ: “قَدْ بَدَا لِي أَنْ لَا أَتَزَوَّجَ يَوْمِي هَذَا”».
قَالَ عُمَرُ: «فَلَقِيتُ أَبَا بَكْرٍ، فَقُلْتُ: “إِنْ شِئْتَ أَنْكَحْتُكَ حَفْصَةَ بِنْتَ عُمَرَ”، فَصَمَتَ أَبُو بَكْرٍ فَلَمْ يَرْجِعْ إِلَيَّ شَيْئًا، فَكُنْتُ عَلَيْهِ أَوْجَدَ مِنِّي عَلَى عُثْمَانَ، فَلَبِثْتُ لَيَالِيَ، ثُمَّ خَطَبَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَأَنْكَحْتُهَا إِيَّاهُ. فَلَقِيَنِي أَبُو بَكْرٍ فَقَالَ: “لَعَلَّكَ وَجَدْتَ عَلَيَّ حِينَ عَرَضْتَ عَلَيَّ حَفْصَةَ فَلَمْ أَرْجِعْ إِلَيْكَ؟” قُلْتُ: “نَعَمْ”. قَالَ: “فَإِنَّهُ لَمْ يَمْنَعْنِي أَنْ أَرْجِعَ إِلَيْكَ فِيمَا عَرَضْتَ إِلَّا أَنِّي قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَدْ ذَكَرَهَا، فَلَمْ أَكُنْ لِأُفْشِيَ سِرَّ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، وَلَوْ تَرَكَهَا لَقَبِلْتُهَا”».
Абдулла ибн Омар (р.а.) былай деген: «Омар ибн әл-Хаттабтың қызы Хафса Хунайс ибн Хузафа әс-Сәһми қайтыс болғаннан кейін жесір қалған еді. Хунайс Алла Елшісінің (с.а.с.) сахабаларының бірі әрі Бәдірге қатысқан болатын. Ол Мәдинада қайтыс болды».
Омар (р.а.) былай деген: «Осман ибн Аффанмен жолығып, оған Хафсаны ұсындым да: “Қаласаң, Омардың қызы Хафсаны саған ұзатайын”, – дедім. Ол: “Бұл мәселені ойланып көрейін”, – деді. Бірнеше түн өткен соң маған: “Әзірге үйленбеуді жөн көрдім”, – деді. Содан кейін Әбу Бәкірмен жолығып: “Қаласаң, Омардың қызы Хафсаны саған ұзатайын”, – дедім. Әбу Бәкір үндемей, маған еш жауап бермеді. Оған Османға ренжігенімнен де қаттырақ ренжідім. Бірнеше түн өткен соң Алла Елшісі (с.а.с.) Хафсаға құда түсті де, мен оны Пайғамбарға (с.а.с.) ұзаттым. Кейін Әбу Бәкір менімен кездесіп: “Хафсаны ұсынған кезіңде саған жауап бермегенім үшін маған ренжіген боларсың?” – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Сонда ол: “Ұсынысыңа жауап беруіме кедергі болған жалғыз нәрсе – Алла Елшісінің (с.а.с.) Хафса жайында сөз қозғағанын білуім еді. Мен Алла Елшісінің (с.а.с.) сырын аша алмайтын едім. Егер ол Хафсаға үйленуден бас тартқанда, мен сенің ұсынысыңды қабыл алар едім”, – деді».