عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ شَهِدَ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ، وَأَنَّ عِيسَى عَبْدُ اللَّهِ وَرَسُولُهُ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِنْهُ، وَالْجَنَّةُ حَقٌّ، وَالنَّارُ حَقٌّ، أَدْخَلَهُ اللَّهُ الْجَنَّةَ عَلَى مَا كَانَ عَلَيْهِ مِنَ الْعَمَلِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ: «مَنْ شَهِدَ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ حَرَّمَ اللَّهُ تَعَالَى عَلَيْهِ النَّارَ».
Убада ибн әс-Сәмит әл-Ансари (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім Алладан өзге құдай жоқ екеніне, Оның жалғыз әрі серіксіз екеніне, Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екеніне, Исаның Алланың құлы әрі елшісі, Мәриямға жеткізген сөзі және Өзінен келген рух екеніне, жәннат пен тозақтың хақ екеніне куәлік етсе, қандай амал істеген болса да, Алла оны жәннатқа кіргізеді»1.
Мүслімнің тағы бір риуаятында былай делінген: «Кім Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің Алланың елшісі екеніне куәлік етсе, Алла оған тозақ отын харам етеді».
Түсіндірме
Бұл хадис исламдағы сенім негіздерін кеңінен қамтиды. Сонымен бірге сол негіздерге қайшы түсініктердің де ара-жігін ажыратады.
1. Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына сену – ислам ақидасының басты қағидаларының бірі.
2. Тәухид. Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына сенудің басты талабы – Алланың бірлігін мойындау. Ғаламды жаратқан, оның тәртібін орнатқан және барша жаратылысқа тіршілік жолын белгілеген – жалғыз Алла. Ол ешбір көмекшіге де, серікке де мұқтаж емес. Тәухид ұғымы өзге діндер мен кейбір философиялық ағымдарда да кездеседі. Исламдағы тәухид сенімі Алланы барша әлемнің Раббысы деп тануға негізделеді. Оның алдындағы адам қадірі ұлтына қарай өлшенбейді. Барлық халық, жанды-жансыз жаратылыс түгелдей осы әлемге кіреді. Жақсылық пен жамандықты, от пен суды, ыстық пен суықты, үлкен мен кішіні, аспан мен жерді жаратқан – бір Алла. Бәрін ретке келтіріп, тіршілік жолын белгілеген де – Алла.
«Тәубе» сүресінде «Узәйір – Алланың ұлы»2 деген сөз келтірілген. Ислам бұл пайымды тәухидке қайшы санайды.
3. Ақыретке иман. Хадис жәннат пен тозақтың хақ екенін айтады. Бұл – ақыретке сенудің бір бөлігі.
4. Әзірет Исаның тұлғасы мен мәртебесі. Исаның әкесіз дүниеге келуі Мәриямға жала жабуға да, Исаны Құдайдың ұлы деп дәріптеуге де себеп болған. Түсіндірмеде алғашқысы кеміту (тәфрит), кейінгісі шектен асыру (ифрат) деп бағаланады. Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) «Алланың құлы әрі елшісі» деп атаудың да мәні осында.
Ислам әзірет Исаның (а.с.) Алланың әмірімен дүниеге келген құлы екенін айтады. Осы ұстаным Мәриямға жабылған жаланы және Исаны Алланың ұлы санауды жоққа шығарады.
Хадистегі «Алланың сөзі» деген тіркес әзірет Исаның (а.с.) Алланың «Бол!» деген әмірімен жаратылғанын білдіреді. «Иәсин» сүресінің 82-аятында бұл мағына былай берілген: «Ол бір нәрсені қаласа, оған “Бол!” дейді. Сонда ол бола қалады».
Кез келген іс Алланың қалауымен жүзеге асады. Алла бұл сынақ дүниесіндегі құбылыстарды әдетте белгілі себептерге байланыстырған. Осындай қалыпты тәртіп «әдетуллаһ», яғни Алланың орнатқан заңдылығы деп аталады. Алла қалаған нәтижесін әдеттегі себепсіз де жарата алады. Құранның бірнеше аятында осы жай айтылады.
Әзірет Исаның (а.с.) әкесіз дүниеге келуі – соның бір мысалы. «Бол!» деген әмірмен ол Мәриямның құрсағында жаратылды. Хадистегі «Алладан келген рух» тіркесін «Рух – Раббымның әмірінен»3 деген аяттың аясында түсінген жөн. Бұл тұста Исаның жаратылысы адамның дүниеге келуіндегі әдеттегі себептен тыс баяндалады. Имам Нәуәуи «Рухуллаһ» және «Кәлиматуллаһ» атаулары әзірет Исаның мәртебесін білдіретінін айтқан. «Нақатуллаһ» (Алланың түйесі) және «Бәйтуллаһ» (Алланың үйі) тіркестерінде де Алланың атына телу құрметті білдіреді. Бұл атаулар Исаны Құдай деп тануға немесе оны Алланың бір бөлігі санауға негіз бола алмайды. Өйткені күллі жаратылыс Аллаға тиесілі. Әл-Һарауи «Кәлиматуллаһ» атауын Исаның «Бол!» деген әмірмен жаратылуымен байланыстырады. Ол «Одан келген рух» («Ниса», 4:171) тіркесін Алладан келген рақым деп түсіндіреді. Жаңбырды да игілікке себеп болғандықтан «рақым» деп атайды. Қазы Иядтың түсіндіруінше, «сөз» дегенді ғалымдардың бір бөлігі «Бол!» деген әмір деп, бір бөлігі періштенің Мәриямға Алланың әмірімен жеткізген сүйіншісі деп ұққан.
5. Үлкен күнә жасаған адам жүрегінде иманы бар күйде дүниеден өтсе, тозақта мәңгі қалмайды. Бұл тұжырым үлкен күнә иелері туралы шектен шыққан пікірлерге жауап беріп, әһлі сүннет ұстанымын айқындайды.
Имам Нәуәуи «Қандай амал істеген болса да, Алла оны жәннатқа кіргізеді» деген сөзді адамның ақырғы барар жері деп түсіндіреді. Үлкен күнә жасаған адамның ісі Алланың қалауына қалады. Егер ол жазаланса, жазасын өтеген соң жәннатқа кіреді.
Хадистен алынатын ғибрат:
- Әһлі сүннет сенімінде үлкен күнә жасау адамды діннен шығармайды. Ол күнәһар саналады. Иманмен дүниеден өтсе, Алла оны кешіріп, бірден жәннатқа кіргізуі де, күнәсінің жазасын өтетіп барып кіргізуі де мүмкін. Бұл – Алланың қалауындағы іс. Иманмен өткен адамның тозақта мәңгі қалмайтыны жөнінде басқа хадистер де бар.