وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ صَخْرٍ الدَّوْسِيِّ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِذَا أَحْسَنَ أَحَدُكُمْ إِسْلَامَهُ، فَكُلُّ حَسَنَةٍ يَعْمَلُهَا تُكْتَبُ لَهُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِمِائَةِ ضِعْفٍ، وَكُلُّ سَيِّئَةٍ يَعْمَلُهَا تُكْتَبُ بِمِثْلِهَا حَتَّى يَلْقَى اللَّهَ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Һурайра Абдуррахман ибн Сахр әд-Дәуси (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Сендердің бірің исламды көркем ұстанса, әрбір жақсылығы он еседен жеті жүз есеге дейін көбейтіліп жазылады. Ал жасаған әрбір жамандығы өз мөлшерінде ғана жазылады. Бұл Алла тағаламен қауышқанға дейін жалғасады»1.
Түсіндірме
Бұл хадис Алла тағаланың құлдарына деген мейірімі мен кешірімінің кеңдігін көрсетеді. Құран Кәрімде де осы мағына айтылады: «Кім Алланың алдына бір жақсылықпен келсе, оған он есесі беріледі. Ал кім бір жамандықпен келсе, сол жамандығына сай ғана жазаланады. Ешқайсысына әділетсіздік жасалмайды»2. Алла жолында жұмсалған малдың сауабының еселенетіні басқа аятта былай баяндалады: «Мал-мүлкін Алла жолында жұмсағандардың мысалы әр масағында жүз дәні бар жеті масақ шығарған бір дәнге ұқсайды. Алла қалағанына еселеп береді. Алла — кеңшілік иесі, бәрін білуші»3.
Біз Аллаға шынайы ниетпен құлшылық етуге бет бұрғанда, Оның кең мейіріміне бөленеміз. Бір жамандық өз мөлшерінде ғана жазылса, бір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп сауап беріледі. Бұл — Алланың кеңшілігі. Өйткені қанша жақсылық жасасақ та, Оның бізге берген сансыз нығметінің шүкірін өтей алмаймыз. Өмір, денсаулық, дүние-мүлік — бәрі Алланың сыйы. Ауа мен топырақ, күн мен түн, ас пен су да Оның иелігінде. Осы игіліктерді күн сайын пайдаланып жүрген соң, оларға шүкір ету — біздің борышымыз. Құлшылығымыз бен игі істеріміз — бұрын берілген нығметтерге шүкіршілік. Алла тағала сол амалдарымыз үшін бізге жәннатты уәде етті. Демек, алдағы нығметтер де Оның рақымының айқын көрінісі.
Пенденің бір ізгі амалына он есе сауап жазылуының өзі — Алланың адам баласына деген айрықша мейірімінің дәлелі. Құран аяттары мен хадистерде ниеттің тазалығы мен істің машақатына қарай сауаптың жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп еселенетіні айтылады.