وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ آخِرُ كَلَامِهِ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ دَخَلَ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Муаз ибн Жәбәл әл-Ансари (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кімнің соңғы сөзі “Лә иләһә иллаллаһ” болса, сол жәннатқа кіреді»1.
Түсіндірме
Ислам ғалымдарының түсіндіруінше, мұндай хадистердегі «Лә иләһә иллаллаһ» сөзі шаһадат кәлимасын білдіреді. Шаһадаттың бірінші бөлігі Алланың жалғыздығын, екінші бөлігі «Мұхаммадун расулуллаһ» деп, Мұхаммедтің Алла елшісі екенін растайды. Екі бөлігі бір-бірінен ажырамайды.
Мунауидің түсіндіруінше, ажал таянғанда дүние мен нәпсінің қалауы басылады. Сол сәтте шаһадат сөзін шын жүректен айтқан адамның куәлігін Алла қабыл етеді.
Мұндай сүйіншіге арқа сүйеп, құлшылық пен тәубені кейінге қалдыруға болмайды. Құлшылық әдебі пендеден Аллаға әрдайым шын жүректен жалбарынуды талап етеді. Оның үстіне ақтық сәтіміздің қандай боларын қайдан білеміз? Жасымызды жасап, есімізді білетін күйде жан тапсырамыз ба? Әлде ажал ойламаған жаста, күтпеген сәтте келе ме?
Кей адамдар жастықтың ғапылдығына алданып, құлшылық пен тәубені қартайған шағына қалдырады. Олар «Соңғы демімде шын ықыласпен тәубе етіп, шаһадат айтсам, сол жеткілікті» деп өздерін жұбатады. Өзін осылай жұбатып жүрген талай жан күтпеген апаттан қаза тапқан.
Мұндай хадистердің сүйіншісі — иманмен дүниеден өткен адамның түбінде жәннатқа кіретіні. Өтелмеген құлшылық пен кісі ақысына байланысты күнәлар үшін адам жазаға тартылуы мүмкін. Әһлі сүннет сенімі бойынша, аз да болса жақсылық жасаған мүмін күнәсінің жазасын тартса да, түбінде жәннатқа кіреді. Иманмен дүние салған жан тозақта мәңгі қалмайды.
Хадистен алынатын пайдалар:
- Хадисте шаһадат кәлимасының артықшылығы айтылады. Ақтық демінде «Лә иләһә иллаллаһ» деген адам, Алла нәсіп етсе, жәннатқа кіреді. Сол сөзді ақтық сәтте ықыласпен айту үшін адам өмірін бір Аллаға деген иманға және діннің талаптарына сай өткізуге ұмтылуы керек. Құранда Алла тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Алладан тиісінше қорқыңдар әрі мұсылман күйде ғана жан тапсырыңдар!»2
- Шаһадат айтып, иманмен дүниеден өткен жан Алланың қалауымен жәннатқа бірден кіреді немесе күнәларының жазасын өтеген соң кіреді. Алла қаласа, кешіреді, қаласа, жазалайды. Мұндай адамның тозақта мәңгі қалмайтынына ғұламалар Құран мен сүннеттің дәлелдеріне сүйеніп, бір ауыздан келіскен.