عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «عَنِ النَّبِيِّ ﷺ أَنَّهُ رَأَى الْبَيْتَ الْمَعْمُورَ يَدْخُلُهُ كُلَّ يَوْمٍ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) Бәйт әл-Мағмурды көрген. Оған күн сайын жетпіс мың періште кіреді.1
Түсіндірме
Бәйтул-мағмур – аспанның жетінші қабатында Арштың деңгейінде Қағбаның үстіңгі тұсында орналасқан бәйт. Қағба – жердегі тұрғындардың тауап жасайтын орны болса, Бәйтул-мағмур – аспан тұрғындарының, періштелердің тауап жасайтын қасиетті орны. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғраж кезінде сол жерді көрген. Жәбірейіл: «Оның ішінде күн сайын жетпіс мың періште намаз оқиды. Бір рет шыққаны екінші мәрте қайта кірмейді», – деп айтқан.
Әзірет Алиден (р.а.) жеткен бір риуаят бойынша, аспанның әр қабатында Қағбаның үстіңгі тұсында бір Бәйтул-мағмур бар.
Риуаяттарда айтылғанындай, Бәйтул-мағмур – Қағбаның дәл үстіңгі тұсында. Тіпті Бәйтул-мағмурдан бір тас түсетін болса, дәл Қағбаның үстіне түседі. Осы Бәйтул-мағмурдың екінші бір аты – Дураһ.
- 1Бұхари, Бәдул-халқ 6.