Хадис

Кутуб ситтә, № 803

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
102. «Нәжм» сүресі
Нөмірі
№ 803 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
803
Кутуб ситтә, № 803 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿أَفَرَأَيْتُمُ اللَّاتَ وَالْعُزَّىٰ﴾، قَالَ: «كَانَ اللَّاتُ رَجُلًا يَلُتُّ سَوِيقَ الْحَاجِّ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿أَفَرَءَيْتُمُ ٱللَّٰتَ وَٱلْعُزَّىٰ ۝ وَمَنَوٰةَ ٱلثَّالِثَةَ ٱلْأُخْرَىٰٓ﴾ «Ал енді мына Лат пен Ұззаға қараңдаршы! Әрі ол екеуінен өзге үшіншісі Мәнатқа да!»1 деген аят жайлы былай деген: «Лат (Қағбаға келген) қажыларға сауиқ2 (деген тағамды маймен) араластырып дайындайтын адам еді».3

Түсіндірме

Риуаят аятта аталған Лат пұты туралы баяндайды. Оның шығу тегі жөнінде бірнеше түсіндірме жеткен. Ибн Аббас Лат атауын «езу, араластыру» мағынасындағы لَتَّ «ләттә» етістігінен тараған есімше деп түсіндіреді. Бір кісі сауиқты майға араластырып, қажыларға ас әзірлейтін болған. Кейін жұрт сол кісіні еске алып пұт жасап, оған табынған. Пұтты «араластырушы» мағынасында Лат деп атаған.

Табаридің түсіндіруінше, әл-Лат атауы «Алла» сөзінен тараған. Арабтар құдайларын әйел текті деп ұққандықтан, атауға әйел тегін білдіретін «т» дыбысын қосқан. Ер кісі Кәрим, әйел Кәрима деп аталғаны тәрізді, мүшріктер пұт атауларын Алланың есімдерінен шығарған. Мысалы, «Алла» есімінен әл-Лат, әл-Азиз есімінен әл-Ұзза атауын жасаған.

  1. 1«Нәжм» сүресі, 19–20-аяттар.
  2. 2Сауиқ – қуырылған дәнді немесе қуырып кептірілген жемісті үгітіп дайындайтын тағам. Көшпелі арабтар оны жол азығына алған.
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Нәжм», 2 (№4859).