Хадис

Кутуб ситтә, № 804

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
102. «Нәжм» сүресі
Нөмірі
№ 804 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
804
Кутуб ситтә, № 804 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا رَأَيْتُ شَيْئًا أَشْبَهَ بِاللَّمَمِ مِمَّا قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: أَنَّ النَّبِىَّ ﷺ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ كَتَبَ عَلَى ابْنِ آدَمَ حَظَّهُ مِنَ الزِّنَا أَدْرَكَ ذَلِكَ لَا مَحَالَةَ. فَزِنَا الْعَيْنَيْنِ النَّظَرُ، وَزِنَا اللِّسَانِ النُّطْقُ، وَالنَّفْسُ تَمَنَّى وَتَشْتَهى. وَالْفَرْجُ يُصَدِّقُ ذَلِكَ أَوْ يُكَذِّبُهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Ләмәмға (кіші күнәға) Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадистегіден жақын мысал көрмедім. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты: “Алла адам баласының зинадан алар үлесін жазған. Ол оған сөзсіз тап болады. Көздің зинасы – қарау, тілдің зинасы – сөйлеу. Нәпсі тілейді, құмарланады. Жыныс мүшесі мұны не растайды, не теріске шығарады”».1

Түсіндірме

Бұл хадис «Нәжім» сүресінде берілген الَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَائِرَ الْإِثْمِ وَالْفَوَاحِشَ إِلَّا اللَّمَمَ «Олар (кей уақыттарда) кішігірім күнә-қателіктер істеп қойса да, үлкен күнәлар мен арсыздық атаулыдан бойларын аулақ ұстайды...»2 деген аятты түсіндіру үшін айтылған.

Аятта ләмәм деп аталған ұсақ күнәлардан өзге үлкен күнәлар мен арсыздықтардан, әсіресе зинадан сақтанғандар ізгі іс жасаушылардың қатарына қосылып, жәннатпен марапатталатыны баяндалады.

Ләмәм, яғни кіші күнә деген не? Оған қандай әрекеттер жатады? Ибн Аббас (р.а.) бұған Әбу Һурайра жеткізген осы хадистегі істерді мысал еткен.

Хадисте зинаға бастайтын бірқатар қылық айтылған. Оларға нәпсіні қоздыратын харам нәрсеге қарау, құмарлық оятатын сөз айту және сүю сияқты әрекеттер жатады.

Әли әл-Қари хадистегі «үлес» сөзін зинаға бастайтын себептер деп түсіндіреді. Олардың негізгілері – құмарту, сол ниетпен әрекетке кірісу, сөйлеу, қарау, қол тигізу және оңаша қалу.

Алайда хадис шәріпте зинаның себебіне назар аудартылғаны да айтылған, сондағы негізгі себеп – шәһуат сезімі мен әйелдерге құмарту. Екі көз, жүрек және жыныс мүшесі – үшеуі осы мақсатпен жаратылған, зина ләззатын да осылар татады.

Сонымен қатар, «Хадис зинаның негізінен осылай жүзеге асатыны бұрыннан жазылып қойғандығын білдіреді» делінген.

Кейбір ғалымдар зина әуелден жазылған дегенді әр адам міндетті түрде осы істердің біріне барады деп ұқпаған. Олардың түсіндіруінше, адамның табиғатында құмарлық бар. Алла Тағала қалаған пендесін рақымымен қорғайды.

Қорыта айтқанда, хадис шын мәнісінде зинаның жүзеге асу кезеңдерін түсіндірген:

1. Әркімнің табиғатында шәһуат құмарлығы бар.

2. Осы құмарлықтан нәпсінің зинаға әуесі кетуі мүмкін.

3. Көз қарайды, тіл, қол, аяқ әрекетке кіріседі.

4. Жыныс мүшесі оны не құптайды, не қарсы шығады.

Ибн Аббастың (р.а.) пайымынша, іс зинаға ұласпаса, оған жетелеген қылықтар аятта ләмәм деп аталған, кешірілуі айтылған кіші күнәларға жатады.

Үлкен күнәнің түсіндірмесі келесі хадисте берілген.

  1. 1Бұхари, «Истиғзан» (№6243), «Қадар» (№6612); Мүслим, «Қадар» (№2657); Әбу Дәуіт, «Никах» (№2152).
  2. 2«Нәжм» сүресі, 32-аят.