Хадис

Кутуб ситтә, № 852

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
122. «Қиямет» сүресі
Нөмірі
№ 852 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
852
Кутуб ситтә, № 852 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «فِي قَوْلِهِ تَعَالَى لَا تُحَرِّكْ بِهِ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِ. قَالَ كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يُعَالِجُ مِنَ التَّنْزِيلِ شِدَّةً. فَكَانَ يُحَرِّكُ بِهِ شَفَتَيْهِ فَنَزَلَ: لَا تُحَرِّكْ بِهِ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِ إِنَّ عَلَيْنَا جَمْعَهُ وَقُرْآنَهُ. قَالَ: جَمْعَهُ فِي صَدْرِكَ ثُمَّ تَقْرَؤُهُ. فَإِذَا قَرَأْنَاهُ فَاتَّبِعْ قُرْآنَهُ. قَالَ: فَاسْتَمِعْ وَأَنْصِتْ: ثُمَّ إِنَّ عَلَيْنَا أَنْ تَقْرَأَهُ فَكَانَ ﷺ إِذَا أَتَاهُ جِبْرِيلُ بَعْدَ ذَلِكَ اسْتَمَعَ: فَإِذَا انْطَلَقَ جِبْرِيلُ قَرَأَ النَّبِىُّ ﷺ كَمَا أَقْرَأَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿لَا تُحَرِّكْ بِهِۦ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِۦٓ﴾ «Оны бірден жаттап алайын деп, тіліңді асығыс қимылдатпа.» (Қиямет, 16) деген аят жайлы былай деді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уахи келген кезде, орасан зор ауырлық сезінетін. Соның әсерімен еріндерін қимылдататын. Осыған байланысты мына аяттар түсті: ﴿لَا تُحَرِّكْ بِهِۦ لِسَانَكَ لِتَعْجَلَ بِهِۦٓ ۝ إِنَّ عَلَيْنَا جَمْعَهُۥ وَقُرْءَانَهُۥ﴾ “Оны бірден жаттап алайын деп, тіліңді асығыс қимылдатпа. Өйткені оны толық жинау һәм өзіңе оқыту Бізге тиесілі іс!”1».

Ибн Аббас былай дейді: «Аяттағы جَمْعَهُ «оның жиналуы» сөзі «жаңа түскен аяттың Алла елшісінің жүрегінде жиналып, орнығуы әрі кейін оны Алла елшісінің оқуы» дегенді білдіреді. ﴿فَإِذَا قَرَأْنَٰهُ فَٱتَّبِعْ قُرْءَانَهُۥ﴾ «Ендеше, Біз оны оқыған кезде, сен оның оқылуына ілесіп отыр.»2 аяты «Тыңда, сөйлеме, кейінірек оны саған біз оқытамыз» дегенді білдіреді.

Осы уахиден кейін Жәбірейіл (а.с.) уахи әкелгенде, тек үнсіз тыңдайтын. Жәбірейіл кеткен соң, жаңадан келген уахиды өзіне қалай оқыған болса, солай оқитын».3

Түсіндірме

1. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық қызметінің әуелгі уақыттарында пайғамбарлыққа қатысты мәселелерді білмейтін еді. Құран кәрім: «(Уа, Мұхаммед)... Сен одан бұрын кітаптың не екенін және иманның не екенін білмейтін де едің...»4 деген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уақыт өте келе түрлі уахилер арқылы бәрін білген. Міне, аталмыш аят осы жағдайды айтып отыр. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әуелгі кезде уахи түскен кезде, аятты дереу есте сақтауға тырысқан.

Ибн Аббастың (р.а.) аталмыш түсіндірмесі бойынша, аятта Алла Елшісіне (с.а.с.) «тіліңді қимылдатпа» деп айтылуының себебі – уахидің ауырлығы. Яғни, уахи кезінде өзін ауырлық басқандықтан, сол күйден тезірек шығу үшін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Ибн Хажардың айтуы бойынша, уахиді тезірек қабылдап алуға асығатын, уахи қаншалықты тез бітсе, әлгі ауыр күйден соншалықты тез арылатын.

Ибн Аббастың аталмыш риуаяты Расулалланың тілін, ернін қимылдату арқылы асығуының себебін уахидің ауырлығынан тезірек арылғысы келгендігі деп түсіндіргенмен, осы мәселені басқа себептермен түсіндірген риуаяттар да бар. Солардың біреуінде асығуының себебі – келген уахиді ұмытып қалу үрейі. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барынша есінде жақсы сақтау үшін асығыс қайталауда, тілі мен ернін қимылдатуда. Міне, осы жағдайға аят тосқауыл қойып: «(Уа, Мұхаммед! Жәбірейіл саған Құран оқыған кезде, ұмытпау үшін) асығыстық танытып бірге айтпа, (тек тыңда)» деп бұйыруда. Аяттың осы тәпсірін көпшілік құптайды.

Риуаяттарда жазылған үшінші себебі, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уахиге деген ынтызарлығынан уахимен келгендерді тезірек оқығысы келіп, тілі мен ернін қимылдатуда. Осылай дейтін болсақ, аталмыш аят Расулаллаға (с.а.с.) уахи тоқтағанша асықпау керектігін бұйыруда.

Аятта «тілді қимылдатпау» айтылғанымен, хадисте «еріннің қимылдауының» айтылуы қайшылық тудырмайды, себебі сөйлеген кезде тіл мен ерін бірге қимылдайды. Аят еріннің де қимылдауын білдіретін «тілді» айтып тұрғанмен, ибн Аббас сырттай көрініп тұрған «ерінді» айтып, бір нәрсені меңзеп тұр. Тіпті кейбір риуаяттарда ибн Аббас: «Мен Пайғамбар (с.а.с.) қимылдатқаны секілді еріндерімді қимылдатамын», – деп, іс жүзінде көрсеткен. Одан риуаят еткен Саид ибн әл-Мусайяб та: «Еріндерімді ибн Аббастан көргенім бойынша мен де қимылдатамын», – деп қимылдатып, хадисті бір-бірінің артынша риуаят еткен.

Осы аят уахи келген кезде Расулалланы баурап алатын өзгеше күйдің бет-бейнесін көрсетеді. Риуаяттарда айтылғандай, уахи келетін мезетте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзгеше күйге енеді: ерекше ауырлық сезініп, тіпті суық күнде де терлеп, үстін жамылғымен қымтап, есінен танитындай күй кешуде. Расулалланың аятпен расталған осы күйін талма ауруымен байланыстырғысы келген ориенталистер мен Ислам дұшпандарының осындай қитұрқы әрекеттеріне осы аят былай деуде: уахи кезінде пайғамбардың сол күйге енуі адамдардағы естен тануға, алжасуға ұқсамайды. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сондай күйде болса да өзінің сана-сезімін біледі. Уахимен келген аяттың сөздерін сол мезетте-ақ түсініп, түйсініп, сөзбе-сөз қайталап, тіпті асығыстық таныту арқылы саналы әрекет етіп жатыр.

Аят, сонымен қатар, Алла тағаланың уахиында ұмыту, шатасу секілді болымсыз жайттардың болмайтынын көрсетуде.

Ғалымдар аталмыш аят пен хадистен біршама әдептер шығарған:

1. Мұғалімнің өзі түсіндіретін нәрсені іс жүзінде жасап көрсетуі – мұстахаб.

2. Мәселені әуелі жалпылама айтып, содан кейін түсіндіруге кірісуге болады. Мәселені бастан-аяқ айтпай жатып түсіндіруге кірісу қиындық туғызуы мүмкін.

  1. 1«Қиямет» сүресі, 16–17-аяттар
  2. 2«Қиямет» сүресі, 18-аят
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Қиямет», 1, 2, «Бәдул-уахи», 4, «Фәдәилул-Құран», 28, «Тәухид», 43; Мүслим, «Салат», 147 (№448); Тирмизи, «Тәпсір», «Қиямет» (№3329, Ибраһим Жанан басылымында №3326); Нәсәи, «Салат», 37 (2-т., 149, 159-б.).
  4. 4«Шура» сүресі, 52-аят