عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «فِي قَوْلِهِ تَعَالَى إِنَّهَا تَرْمِى بِشَرَرٍ كَالْقَصْرِ. قَالَ: كُنَّا نَرْفَعُ الْخَشَبَ لِلشِّتَاءِ ثَلَاثَةَ أَذْرُعٍ أَوْ أَقَلَّ وَنُسَمِّيهِ القَصْرَ: كَأَنَّهُ جِمَالَاتٌ صُفْرٌ: حِبَالُ السُّفُنِ تُجْمَعُ حَتَّى تَكُونَ كَأَوْسَاطِ الرِّجَالِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) «Мурсәләт» сүресіндегі ﴿إِنَّهَا تَرْمِى بِشَرَرٍ كَٱلْقَصْرِ﴾ «Сол от үлкендігі зәулім сарайдай ұшқын шашады.»1 деген аятты түсіндіріп: «Біз қысқа арнап ұзындығы үш шынтақтай немесе одан қысқа ағаш дайындап қоятынбыз. Мұндай ағашты “қаср” деп атайтынбыз», – деді.
Ибн Аббас ﴿كَأَنَّهُۥ جِمَٰلَتٌ صُفْرٌ﴾ «Бейне бір сап-сары түйелердей болып шашырайды.» деген келесі аяттағы جِمَالَاتٌ сөзін «бір жерге жиналғанда адам беліндей жуандайтын кеме арқандары» деп түсіндірген.2
Түсіндірме
Осы аят жаһаннам шашатын от ұшқындарын суреттеген. Оны суреттеу үшін 32-аятта «қаср» сөзі, 33-аятта «жимәләт» сөзі қолданылған. «Қаср» сөзі «сарай», «жағылатын отын», «құрма тамыры» деген мағыналарды білдіреді. Ибн Аббас (р.а.) жаһаннам шашатын от ұшқындарын ұзындығы үш шынтақтай етіп дайындалған отынға ұқсатқан.
Келесі аяттағы «жимәләт» сөзі – «жәмәл» сөзінің көпше түрі. Бұл сөз де екі түрлі мағынаны білдіреді: біріншісі – «еркек түйе», екіншісі – «арқан» дегенді білдіреді, бұл мағынасы сирек қолданылады. Ибн Аббас бұл сөзді адам беліндей қалың арқан деп түсіндірген.
Құран аудармаларында Ибн Аббастың бұл түсіндірмесі негізге алынбаған. Қазақша аудармада былай берілген:3 ﴿إِنَّهَا تَرْمِى بِشَرَرٍ كَٱلْقَصْرِ كَأَنَّهُۥ جِمَٰلَتٌ صُفْرٌ﴾ «Сол от үлкендігі зәулім сарайдай ұшқын шашады. Бейне бір сап-сары түйелердей болып шашырайды.».4
Ибн Аббас берген мағына оның өзінің қыраатына негізделгені айтылған. Өйткені ол аятты كَالْقَصَرِ «қаф» әрпін сукунмен емес фәтхамен оқыған. Бұл жағдайда «қасар» сөзі قَصَرَة сөзінің көпше түрі болып, «мойын» дегенді білдіреді. «Ағаш тамырын білдіреді» дегендер де бар. Осылайша от ұшқындары «түйе мойнына» ұқсатылған.
Ибн Кутәйба: «Қаср» – үй, «қасар» – адам мойнына ұқсайтын құрма тамыры» дейді.
Ибн Мәсғудтан аталмыш аяттарға қатысты риуаят етілген бір түсіндірмеде былай делінген: «Бұл жерде атқылаған от ұшқындары ағаш та, арқан да емес, керісінше, қорғандар, қалалар секілді».