عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتَى رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: أَقْرِئْنِى سُورَةً جَامِعَةً، فَأَقْرَأَهُ: إِذَا زُلْزِلَتْ. فَقَالَ: وَالَّذِي بَعَثَكَ بِالْحَقِّ لَا أَزِيدُ عَلَيْهَا أَبَدًا. فَلَمَّا أَدْبَرَ قَالَ النَّبِىُّ ﷺ: أَفْلَحَ الرُّوَيْجِلُ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Расулаллаға (с.а.с.) келіп: “Маған көп мағынаны қамтитын ықшам бір сүре үйретіңіз”, – деді. Пайғамбарымыз оған “Зілзала” сүресін үйретті. Үйреніп болған соң әлгі кісі: “Сізді ақиқатпен жіберген Аллаға ант етемін, бұған өзге амал қоспаймын”, – деді.
Ол кетісімен, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Бұл кісі құтылды!” – деп, осы сөзін екі рет қайталады».1
Түсіндірме
Риуаяттың Әбу Дәуіттегі нұсқасында біршама қосымша мәліметтер бар. Келген адам: «Уа, Алла елшісі, маған үйретіңізші!» – деп өтініш жасағанда, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әуелі «Зәуәтир-ра»-дан («р» әрпімен басталған сүрелер, яғни «әлиф ләм ра» деп басталатын сүрелер) үшеуін үйрен!» деп кеңес береді. Алайда әлгі кісі: «Қартайдым, ұмытшақ болдым, жаттай алмаймын, тілім де келмейді!» – деп жауап береді. Расулалла: «Олай болса, «ха мим»-дерден үшеуін үйрен!» – дейді. Әлгі адам жаңағы сөздерін қайталап, уәжін айтады. Расулалла бұл жолы: «Мусаббихаттан (саббаха немесе иусаббиху деп басталатын сүрелер) үшеуін үйрен!» – дейді. Адам әлгі сөздерін қайталап: «Уа, Алла елшісі, маған барлығын қамтитын бір сүре үйретіңізші!» – деп өтініш жасайды. Хадистің жалғасы жоғарыдағы мәтінде берілгендей жалғасады.
Тибидің айтуынша, «барлығын қамтитын сүре» дегені – өзін ақыретте құтқаратын сүре, яғни мазмұнымен амал еткен жағдайда құтқаратын һәм соған сәйкес амалдарды қамтитын сүре.
Риуаятта әлгі адам айтқан «Бұған ештеңе қоспаймын» сөзі арқылы «осы сүреден үйренген игі істерді жасап, жаман істерге жуымаймын және осыларға ештеңені алып-қоспаймын, осыларды жасаумен шектелемін» деген мағынада айтылған. Ал оның серт беруінен «Расулалланың құзырында осы шартпен серт беретінін айтпақ болған» деген мағына шығады.
Алиул-Қари Расулалланың «Бұл кісі құтылды!» деп екі рет қайталауы ол адамға риза болғандығының белгісі деп айтады. Оның терең түсінігі, күшті түйсігі Расулалланы ерекше қуантады.
«Зілзала» сүресінің барлығын қамтитын сүре болуына келсек, бұл туралы да көп нәрсе айтуға болады. Діннің ең маңызды негізі болып табылатын ақырет пен қиямет-қайымның нағыз жантүршігерлік бейнесіне назар аудартып, адам баласының фәни дүниеде жасаған бүкіл жақсы-жаман, үлкенді-кішілі амалдары үшін есеп-қисап беретінін білдіреді.
﴿يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ أَشْتَاتًا لِيُرَوْا أَعْمَالَهُمْ﴾ «Сол күні адамдар дүниедегі істерінің нәтижесі өздеріне көрсетілу үшін қабірлерінен топ-тобымен шығады.» ﴿فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ﴾ «Ендеше, кімде-кім зәредей жақсылық жасаса, соның қарымын көреді.» ﴿وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ﴾ «Ал кімде-кім зәредей жамандық жасаса, соның қарымын көреді.»2