Хадис

«Зілзала» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 136-тарау · 4 хадис · № 877–880

Хадистер

877
Кутуб ситтә, № 877 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتَى رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: أَقْرِئْنِى سُورَةً جَامِعَةً، فَأَقْرَأَهُ: إِذَا زُلْزِلَتْ. فَقَالَ: وَالَّذِي بَعَثَكَ بِالْحَقِّ لَا أَزِيدُ عَلَيْهَا أَبَدًا. فَلَمَّا أَدْبَرَ قَالَ النَّبِىُّ ﷺ: أَفْلَحَ الرُّوَيْجِلُ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Расулаллаға (с.а.с.) келіп: “Маған көп мағынаны қамтитын ықшам бір сүре үйретіңіз”, – деді. Пайғамбарымыз оған “Зілзала” сүресін үйретті. Үйреніп болған соң әлгі кісі: “Сізді ақиқатпен жіберген Аллаға ант етемін, бұған өзге амал қоспаймын”, – деді.

Ол кетісімен, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Бұл кісі құтылды!” – деп, осы сөзін екі рет қайталады».1

Түсіндірме

Риуаяттың Әбу Дәуіттегі нұсқасында біршама қосымша мәліметтер бар. Келген адам: «Уа, Алла елшісі, маған үйретіңізші!» – деп өтініш жасағанда, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әуелі «Зәуәтир-ра»-дан («р» әрпімен басталған сүрелер, яғни «әлиф ләм ра» деп басталатын сүрелер) үшеуін үйрен!» деп кеңес береді. Алайда әлгі кісі: «Қартайдым, ұмытшақ болдым, жаттай алмаймын, тілім де келмейді!» – деп жауап береді. Расулалла: «Олай болса, «ха мим»-дерден үшеуін үйрен!» – дейді. Әлгі адам жаңағы сөздерін қайталап, уәжін айтады. Расулалла бұл жолы: «Мусаббихаттан (саббаха немесе иусаббиху деп басталатын сүрелер) үшеуін үйрен!» – дейді. Адам әлгі сөздерін қайталап: «Уа, Алла елшісі, маған барлығын қамтитын бір сүре үйретіңізші!» – деп өтініш жасайды. Хадистің жалғасы жоғарыдағы мәтінде берілгендей жалғасады.

Тибидің айтуынша, «барлығын қамтитын сүре» дегені – өзін ақыретте құтқаратын сүре, яғни мазмұнымен амал еткен жағдайда құтқаратын һәм соған сәйкес амалдарды қамтитын сүре.

Риуаятта әлгі адам айтқан «Бұған ештеңе қоспаймын» сөзі арқылы «осы сүреден үйренген игі істерді жасап, жаман істерге жуымаймын және осыларға ештеңені алып-қоспаймын, осыларды жасаумен шектелемін» деген мағынада айтылған. Ал оның серт беруінен «Расулалланың құзырында осы шартпен серт беретінін айтпақ болған» деген мағына шығады.

Алиул-Қари Расулалланың «Бұл кісі құтылды!» деп екі рет қайталауы ол адамға риза болғандығының белгісі деп айтады. Оның терең түсінігі, күшті түйсігі Расулалланы ерекше қуантады.

«Зілзала» сүресінің барлығын қамтитын сүре болуына келсек, бұл туралы да көп нәрсе айтуға болады. Діннің ең маңызды негізі болып табылатын ақырет пен қиямет-қайымның нағыз жантүршігерлік бейнесіне назар аудартып, адам баласының фәни дүниеде жасаған бүкіл жақсы-жаман, үлкенді-кішілі амалдары үшін есеп-қисап беретінін білдіреді.

﴿يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ أَشْتَاتًا لِيُرَوْا أَعْمَالَهُمْ﴾ «Сол күні адамдар дүниедегі істерінің нәтижесі өздеріне көрсетілу үшін қабірлерінен топ-тобымен шығады.» ﴿فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ﴾ «Ендеше, кімде­-кім зәредей жақсылық жасаса, соның қарымын көреді.» ﴿وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ﴾ «Ал кімде-кім зәредей жамандық жасаса, соның қарымын көреді.»2

  1. 1Әбу Дәуіт, Рамазан 9, Салат 326, (1399).
  2. 2«Зілзала» сүресі, 6-8-аяттар
878
Кутуб ситтә, № 878 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِذَا زُلْزِلَتْ تَعْدِلُ رُبُعَ الْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Зілзала» сүресі Құранның төрттен біріне тең деген сөзін жеткізді.1

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 10 (№2892, Ибраһим Жанан басылымында №2897).
879
Кутуб ситтә, № 879 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهَا تَعْدِلُ نِصْفَ الْقُرْآنِ، وَقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ تَعْدِلُ ثُلُثَ الْقُرْآنِ، وَقُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ تَعْدِلُ رُبُعَ الْقُرْآنِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Зілзала» сүресі Құранның жартысына, «Ықылас» үштен біріне, «Кәфирун» төрттен біріне тең деген.1

Түсіндірме

Әзірет Әнәстен жеткен алдыңғы риуаятта (№878 хадис) «Зілзала» сүресінің Құранның төрттен біріне тең екендігі айтыла тұра, ибн Аббастан жеткен екінші риуаятта (№879 хадис) осы сүренің Құран кәрімнің жартысына тең екендігі айтылған. Риуаяттардың екеуі де марфуғ, яғни Алла Елшісінің (с.а.с.) сөзі.

Екеуінің айырмасын Тиби былай түсіндіреді: «Бұны былай түсінуге болады: «Құран кәрімнің екі үлкен мақсаты бар, ол – тіршіліктің басы мен соңын түсіндіру». (Яғни болмыс атаулы, әсіресе, адам баласы қайдан бастау алды, соңы қалай болады? Бұл сұрақ ежелден бері адам баласын мазалап келген сұрақтың бірі. Міне, дін, бір қарағанда, осы сұрақтың жауабы.) Тиби сөзін былай жалғастырады: «Зілзала» сүресі тіршіліктің соңын баяндайды, мән-жайын түсіндіреді, міне, осы тұрғыдан, Құранның жартысына тең».

Айни «Зілзала» сүресінің Құран кәрімнің төрттен біріне тең екеніне қатысты хадисті былай түсіндіреді: «Құран кәрім төрт негізгі мәселені қарастырады:

1. Тәухидті түсіндіру;

2. Пайғамбарлықты түсіндіру;

3. Фәни дүниеге қатысты үкімдерді баяндау;

4. Ақыреттың мән-жайын түсіндіру.

«Зілзала» сүресіне осы тұрғыдан қарайтын болсақ, оның соңғы төртінші бөлімді қарастырғанын көреміз». Ендеше, екі хадис арасында қарама-қайшылық жоқ.

Тиби «Кәфирун» сүресі ширктен арылтқаны үшін бірінші мәселені, яғни Тәухид мәселесін қарастырғанын айтады.

«Ықылас» сүресінің Құран кәрімнің үштен біріне тең болуына келсек, тәпсіршілердің айтуынша, Құран кәрімнің үш негізгі мәселесі: тәухид, пайғамбарлық, ақырет – үшеуінің біріншісін қарастырғандығынан деп түсіндірілген.

Нәуәуи Мазиридің «Құран үш бөлімнен тұрады: қиссалар, үкімдер, Алланың сипаттары. «Ықылас» сүресі «Алланың сипаттары» бөлімін қарастырады» деген тұжырымын айтады.

Бұл түсіндірмелер жоғарыдағы хадистердің бір қырына қатысты.

Сонымен қатар, олардың оқылуынан алынатын сауап жағы бар, яғни «Ықылас» сүресін оқу арқылы Құранды хатым жасағанда (бастан-аяқ оқығанда) алатын сауаптың үштен бірін алу немесе үш «Ықылас» оқып, Құранды бір рет хатым жасағандай сауап алу мәселесі.

Хадис шәріп бұны да анықтап айтқан, әрі бұған мүміндер әуел бастан бері сенеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алланың атынан сөйлей отырып, Оның сауап пен күнәдағы заңын көрсетті. Соған байланысты хадисте асырасілтеу жоқ, ақиқаттың дәл өзі. Демек, 1 жаман істі 1 күнә деп жаза тұра, 1 игі істі ең кемі 10 еселеп сауаптан жазуын2 немесе Қадір түнінде жасалған игі істерді 30 000 есе сауаптан жазуын өзінің қағидасы (суннәтуллаһ) еткен Алла Тағала үш «Ықыласқа» немесе төрт «Кәфирун» сүресіне бір хатымның сауабын жазуды да өзінің заңдарынан еткен. Осыны жеткізуді мейірімді Жаратқан Иеміз ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) жүктеген. Осындай риуаяттарға күмәнмен қарағанша, نِيَّةُ الْمُؤْ مِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ яғни «Мүминнің ниеті амалынан қайырлы» деген хадиске сүйеніп, толық мойынсұнып, бір хатым сауабын аламын деген ниетпен оқу мүминнің әдептілігіне жатады. Алла Тағала Рахим (мүмін құлдарына ерекше мейірімді), Кәрим (асқан жомарт, шексіз шарапат иесі), әрі мейірімінің шегі жоқ, үш «Ықыласқа» бір хатым емес, шарттарға, ықыласымызға қарай одан көп сауап бере алады һәм Елшісін өтірікші шығармайды.

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 10 (№2894, Ибраһим Жанан басылымында №2896).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 160-аят
880
Кутуб ситтә, № 880 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَأَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا. قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا أَخْبَارُهَا؟ قَالُوا: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: هُوَ أَنْ تَشْهَدَ عَلَى كُلِّ عَبْدٍ وَأَمَةٍ بِمَا عَمِلَ عَلَى ظَهْرِهَا، تَقُولُ: عَمِلَ يَوْمَ كَذَا وَكَذَا وَكَذَا وَكَذَا فَهَذِهِ أَخْبَارُهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ﴿يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا﴾ “Міне, сол күні Жер, үстінде бұрын-соңды болып өткен бар істің хабарын түгелдей баяндайды.” деген аятты оқып: “Жердің қандай хабар беретінін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Қасындағылар: “Алла мен Оның Елшісі біледі”, – деді. Ол: “Жер әр еркек пен әйелдің үстінде не істегеніне куәлік етіп, ‘Пәлен күні пәлен істі істеді’ деп хабар береді”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Қиямет», 8 (№2429, Ибраһим Жанан басылымында №2431), «Тәпсір», «Зілзала» (№3353, сол басылымда №3350).