Хадис

Кутуб ситтә, № 879

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
136. «Зілзала» сүресі
Нөмірі
№ 879 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
879
Кутуб ситтә, № 879 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهَا تَعْدِلُ نِصْفَ الْقُرْآنِ، وَقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ تَعْدِلُ ثُلُثَ الْقُرْآنِ، وَقُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ تَعْدِلُ رُبُعَ الْقُرْآنِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Зілзала» сүресі Құранның жартысына, «Ықылас» үштен біріне, «Кәфирун» төрттен біріне тең деген.1

Түсіндірме

Әзірет Әнәстен жеткен алдыңғы риуаятта (№878 хадис) «Зілзала» сүресінің Құранның төрттен біріне тең екендігі айтыла тұра, ибн Аббастан жеткен екінші риуаятта (№879 хадис) осы сүренің Құран кәрімнің жартысына тең екендігі айтылған. Риуаяттардың екеуі де марфуғ, яғни Алла Елшісінің (с.а.с.) сөзі.

Екеуінің айырмасын Тиби былай түсіндіреді: «Бұны былай түсінуге болады: «Құран кәрімнің екі үлкен мақсаты бар, ол – тіршіліктің басы мен соңын түсіндіру». (Яғни болмыс атаулы, әсіресе, адам баласы қайдан бастау алды, соңы қалай болады? Бұл сұрақ ежелден бері адам баласын мазалап келген сұрақтың бірі. Міне, дін, бір қарағанда, осы сұрақтың жауабы.) Тиби сөзін былай жалғастырады: «Зілзала» сүресі тіршіліктің соңын баяндайды, мән-жайын түсіндіреді, міне, осы тұрғыдан, Құранның жартысына тең».

Айни «Зілзала» сүресінің Құран кәрімнің төрттен біріне тең екеніне қатысты хадисті былай түсіндіреді: «Құран кәрім төрт негізгі мәселені қарастырады:

1. Тәухидті түсіндіру;

2. Пайғамбарлықты түсіндіру;

3. Фәни дүниеге қатысты үкімдерді баяндау;

4. Ақыреттың мән-жайын түсіндіру.

«Зілзала» сүресіне осы тұрғыдан қарайтын болсақ, оның соңғы төртінші бөлімді қарастырғанын көреміз». Ендеше, екі хадис арасында қарама-қайшылық жоқ.

Тиби «Кәфирун» сүресі ширктен арылтқаны үшін бірінші мәселені, яғни Тәухид мәселесін қарастырғанын айтады.

«Ықылас» сүресінің Құран кәрімнің үштен біріне тең болуына келсек, тәпсіршілердің айтуынша, Құран кәрімнің үш негізгі мәселесі: тәухид, пайғамбарлық, ақырет – үшеуінің біріншісін қарастырғандығынан деп түсіндірілген.

Нәуәуи Мазиридің «Құран үш бөлімнен тұрады: қиссалар, үкімдер, Алланың сипаттары. «Ықылас» сүресі «Алланың сипаттары» бөлімін қарастырады» деген тұжырымын айтады.

Бұл түсіндірмелер жоғарыдағы хадистердің бір қырына қатысты.

Сонымен қатар, олардың оқылуынан алынатын сауап жағы бар, яғни «Ықылас» сүресін оқу арқылы Құранды хатым жасағанда (бастан-аяқ оқығанда) алатын сауаптың үштен бірін алу немесе үш «Ықылас» оқып, Құранды бір рет хатым жасағандай сауап алу мәселесі.

Хадис шәріп бұны да анықтап айтқан, әрі бұған мүміндер әуел бастан бері сенеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алланың атынан сөйлей отырып, Оның сауап пен күнәдағы заңын көрсетті. Соған байланысты хадисте асырасілтеу жоқ, ақиқаттың дәл өзі. Демек, 1 жаман істі 1 күнә деп жаза тұра, 1 игі істі ең кемі 10 еселеп сауаптан жазуын2 немесе Қадір түнінде жасалған игі істерді 30 000 есе сауаптан жазуын өзінің қағидасы (суннәтуллаһ) еткен Алла Тағала үш «Ықыласқа» немесе төрт «Кәфирун» сүресіне бір хатымның сауабын жазуды да өзінің заңдарынан еткен. Осыны жеткізуді мейірімді Жаратқан Иеміз ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) жүктеген. Осындай риуаяттарға күмәнмен қарағанша, نِيَّةُ الْمُؤْ مِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ яғни «Мүминнің ниеті амалынан қайырлы» деген хадиске сүйеніп, толық мойынсұнып, бір хатым сауабын аламын деген ниетпен оқу мүминнің әдептілігіне жатады. Алла Тағала Рахим (мүмін құлдарына ерекше мейірімді), Кәрим (асқан жомарт, шексіз шарапат иесі), әрі мейірімінің шегі жоқ, үш «Ықыласқа» бір хатым емес, шарттарға, ықыласымызға қарай одан көп сауап бере алады һәм Елшісін өтірікші шығармайды.

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 10 (№2894, Ибраһим Жанан басылымында №2896).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 160-аят